Отставкаға кетпек болған Парагвай президентіне импичмент жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Парагвай Сенаты жұма күні президент Сантьяго Пеньяның отставкаға кету туралы өтінішін қабылдамай, оған импичмент жариялады. Бұдан кейін 47 жастағы саясаткер үйқамаққа алынды, деп BBC жазды. 

Отставкаға кетпек болған Парагвай президентіне импичмент жарияланды
Фото: facebook.com/@SantiPena

Пенья дауыс беру аяқталғаннан кейін бірнеше минуттан соң ұсталды. Оны қызметінен шеттетуді 45 сенатордың 44-і, соның ішінде президенттік партияның өкілдері де қолдады. Сондай-ақ импичмент жариялануына байланысты ол бұрынғы президенттерге берілетін өмір бойғы сенаторлық мандатынан және бұрынғы мемлекет басшыларына берілетін заңды артықшылықтардан айырылады.

Президенттің отставкаға кетуі Ueno банкінің күйреуіне байланысты елде өршіген саяси және қаржылық дағдарыс аясында орын алды. Дағдарыс апта басында Орталық банктің Ueno банкінің қызметіне араласуынан басталды. Қарқынды дамып келе жатқан цифрлық банктің қызметін Парагвай халқының жартысына жуығы пайдаланған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, олардың көбі бұған дейін банк қызметін пайдаланбаған.

Төлем қабілетіне қатысты дағдарысқа байланысты банк шұғыл түрде жабылып, миллиондаған клиент өз қаражатына қол жеткізе алмай қалды, деп жазады CNN.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, билік өкілдері Ueno банкінің несие беру саясатына және оның елдің саяси әрі қаржылық элитасымен байланысына қатысты күмән келтірген. Пеньяның өзі былтырға дейін осы банкке иелік ететін холдингтің акционері болған. Ал Орталық банк төрағасы Карлос Карвальо 2023 жылға дейін Ueno банкінің басшысы қызметін атқарған.

Осы аптада Карлос Карвальо отставкаға кетті. Бұдан бөлек, Ueno банкінің сегіз басшысын қамауға алу туралы шешім шығарылды. Ал жұма күні прокуратура Орталық банктің бұрынғы төрағасын ұстауға да ордер берді.

Президент түсініктеме беру үшін Сенатқа шақырылғанымен, отырысқа өзі келмей, орнына адвокаттарын жіберген. Олар тыңдаудың заңдылығына күмән келтірді.

— Сантьяго Пенья отставкаға кету туралы өтініш бергендіктен, импичмент рәсімінің нәтижелі аяқталуына негіз жоқ, — деді президенттің адвокаттарының бірі Адольфо Феррейро.

Соған қарамастан, Сенат оның отставкаға кету туралы өтінішін қабылдамай, импичмент рәсімін аяқтады.

Пенья 2023 жылы 44 жасында президент лауазымына кірісіп, Парагвай тарихындағы ең жас президенттердің бірі атанған еді.

Бұған дейін Парагвай президенті банк дағдарысы мен жаппай наразылықтан кейін отставкаға кеткенін хабарлаған болатынбыз.