Оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлер өшпес ерлік көрсетті - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы

АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымы Жеңістің 67 жылдығын атап өтті. Мерекеге Астананың 100-ге тарта Ұлы Отан соғысының ардагерлері арнайы шақырылды,
None
None

деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

Оларды «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Ляззат Қиынов қасиетті де қастерлі мереке - Жеңіс күнімен құттықтады. «Уақыт өткен сайын аға ұрпақ сыйлаған Жеңістің маңызы артып келеді. Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз де өнеге! Отансүйгіштік қасиеттеріңіз де қастерлеуге тұрады! Бауырмалдық және ынтымақтастық қасиеттеріңіз де бүгінгі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Бұл біздің үлкен құндылығымыз болып табылады, - деді Ляззат Кетебайұлы өз құттықтауында. - Тек майданда ғана емес, тылда жұмыс істегендердің де еңбегін мемлекет жоғары бағалайды. Ашаршылық пен ауыртпалықты бастан кешкен олар да Жеңісті жақындатуға көп үлес қосты. Таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға да бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз. Сондықтан да сіздерге басымызды иеміз.Үлкен қауіп пен қатер, қайғы мен қасірет төнген сол бір ауыр уақытта біздің халқымыз сыннан сүрінбей өтті. Оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлер өшпес ерлік көрсетті. Бұл тарихқа алтын әріптермен жазылды. Қаһармандық өнегесі бүгінгі жас ұрпақтың бойында қалыптасты. Ұрпақтар жалғастығы деген осы болар».

Жиында майдан шебінде жанын пида еткен жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, Отан үшін отқа түсіп, Жеңіс сыйлаған ардагерлерге тағзым етілді. Сұрапыл да жойқын соғыста қыршынынан қиылған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталатындығын компаниядағы жиын тағы да дәлелдеді.

Ардагерлермен кездесуде оларға ерекше ілтипат көрсетілді. Олардың әрқайсысына компания 50 мың теңге көлемінде сыйақы беріп, сыйлықтар тапсырды.

Соңғы жаңалықтар