Отынға айырбас ретінде Иран уран байытуды тоқтатпақ

АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат - Егер Батыс қажетті ядролық отынды жеткізіп отыратын болса, Иран уранды 20 пайызға дейін байытуды тоқтатады.

Отынға  айырбас ретінде Иран    уран  байытуды  тоқтатпақ

Иранның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің басшысы Әли Акбар Салехи осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.

Оның айтуынша, ядролық отынмен алмасу туралы келіссөз үшін есік ашық. Салехи, кеше Иранда уранды 20 пайызға дейін байыту үдерісі басталғанын қуаттады. Тегранның мәлім етуінше, бұл жұмыстар Натанзедегі ядролық орталықта МАГАТЭ инспекторларының бақылауымен жүріп жатыр.

Ал АҚШ өкіметі болса, Иранның ядролық бағдарламасына байланысты ол елге қарсы жаңа «маңызды» санкциялар әзірлеуде. АҚШ Президенті Барак Обама Ақ үйде кеңесте сөйлеген сөзінде осындай мәлімдеме жасады.

Америка президентінің айтуынша, жаңа санкцияларды әзірлеу үдерісі жедел жүріп жатыр. Дегенмен Б.Обама, жаңа санкциялардың нақты енгізілетін мерзімін атаған жоқ.

Оған қоса Президенттің пікірінше, Иранның уранды 20 пайызға дейінгі байытуды бастау туралы шешімі Тегранның халықаралық қоғамдастықпен диалогтан бас тартуының айғағы. Б.Обама иран өкіметінің саясаты адамзатқа қауіп төндіретін ядролық қарудың өндірісіне бағытталып отырғанын тағы да атап өтті.