Отырар ауданына биыл көгілдір отын келеді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының тұрғындары биыл көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл туралы аудан басшысы Ерлан Айтаханов кезекті есеп беру жиынында сөз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкімнің айтуынша биыл Шәуілдір, Темір ауылдарының тұрғындарын газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталады.
Аудандағы 12 ауыл округін аралап, есеп берген аудан басшысы қортынды жиынды Шәуілдір ауылында өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр мен Отырар жеріндегі барлық ауылдың тұрғындарф қатысты. Кездесуге келген көпшілік өткен жылы ауданда атқарылған жемісті жұмыстарды арнайы дайындалған бейнесюжеттен көріп, қанықты. Одан соң аудан әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына тоқталып, ондағы негізгі 10 бағытты жан-жақты сөз етті.
Әкімнің айтуынша, аудан орталығындағы Арыс өзенінің жағасын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары аяқталысымен, Шәуілдір ауылындағы коммуналдық тұрғын үй мен спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар аудан әкімі Шәуілдір ауыл округіндегі жаңа мөлтекауданның инфрақұрылымы мен 12 пәтерлік көпқабатты қызметтік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінетінін атап өтті.
Атқарылатын жұмыстармен танысқан тұрғындар аудан басшысына суармалы жер, көпқабатты тұрғын үй және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша сауалдарын жолдады.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр сөз алып, аудан әкімнің жұмысын бағалады. Әкімге жаңа тапсырмалар жүктеп, халықтың мұң-мұқтажына аса көңіл бөлуді міндеттеді.