Отырар ауданында спорт күні аталып өтті
Бүгінде аудан спортын еліміз бен халықаралық ареналарда танытып жүрген жас спортшылар көбейіп келеді. Олардың қатарында еркін күрестен ауыл спортшылары арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпазы Рахат Қуатұлы мен белбеу күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жұмажан Әзімжанұлы, қазақ күресінен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Әділ Серікұлы мен қазақ күресінен ҚР чемпионатының қола жүлдегері Жасұлан Жеңісханұлы, грепплингтен Азия Ореn жарысының қола жүлдегері Әлихан Біржанұлы мен тоғызқұмалақтан ҚР Біріншіліктерінің жеңімпазы Гүлназ Ерболқызы, волейболдан ҚР чемпионатының жүлдегері Құндызай Әбілбекқызы мен үстел теннисінен ҚР чемпионатының жүлдегері Мәди Қалиұлы, баскетболдан спорт шеберіне үміткерлер Жантолқын Дүйсенбайқызы мен Ақерке Асқарқызы секілді спорт саңлақтары бар. Олардың есімін мақтанышпен айтуға болады.
Мерекелік шара барысында спорт саласының қызметкерлері мен аудан спортына еңбек сіңірген жаттықтырушылар және бір топ спорт саңлақтары аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ мерекелік жиында облыстық спорт басқармасының, аудандық мәслихат хатшысының, «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалының құрмет грамоталары мен спорт бөлімінің алғыс хаттары да табысталды. Сонымен қатар шарада «Отырар қорғанысына 800 жыл» толуына орай ұйымдастырылған 40 жастан асқан ардагер спортшылар арасында футзалдан өткен Отырар ауданы біріншілігінің жеңімпаздары мен үздік ойыншылары да анықталып, бағалы сый-сыяпатқа ие болды.
Мерекелік шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.