Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы күрделі жөндеуді қажет етеді
АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.
«Елбасы Н. Назарбаев қасиетті Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде мәдени мұраларды сақтау, оны келесі ұрпаққа жеткізу, ұлттың тарихын зерттеу, оны терең түсіндіру, насихаттау арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу міндеттерін қойды. Осы міндеттерді орындауға елеулі үлес қосып отырған мұражайлардың бірі Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы. Ашылғанына ширек ғасырдан асқан бұл қорық-мұражайға жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден 100 мыңдаған туристер келіп, еліміздің тарихи мұраларымен, жәдігерлерімен танысады. Алайда аталған мұражайдың бүгінгі жағдайы өте қанағаттанарлықсыз. Өйткені, қазба жұмыстарынан табылған, еліміздің І-ші ғасырынан бергі өмірінен сыр шертетін 20 мыңнан астам баға жетпес тарихи жәдігерлер 1985 жылы салынған, әбден тозығы жеткен ғимаратта орналасқан», - дейді сенатор.
Оның айтуынша, ғимаратқа осы жылдары ешқандай күрделі немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осыған орай, Қ. Айтаханов еліміздің баға жетпес, құнды тарихи жәдіргерлері сақталып тұрған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып, оған 2012 жылғы республикалық бюджеттен 176 млн. теңге қаржы бөлу керектігін жеткізді.