Отырар мен Түркiстанның 300-ден астам құнды тарихи жәдiгерлерi Астанадағы көрмеге қойылды

Бұл көрменi Отырар мемлекеттiк археологиялық қорық-музейi мен "Әзiрет Сұлтан" мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық-мұражайы бiрлесiп ұйымдастырып отыр. Жәдiгерлердi Астана жұртшылығына паш ету идеясы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған.
ҚР Ұлттық музейiнiң көрме қызметiнiң жетекшiсi Күндия Үмбетованың атап көрсеткенiндей, көрмеге Отырар мен Түркiстанның 300-ден астам құнды тарихи жәдiгерлерi қойылды. Оның iшiнде зергерлiк бұйымдар, қыш ыдыстар, ою-өрнекпен безендiрiлген салтанатты ғимараттардың кiрпiш пен тақтайшалардың бөлiктерi, қару-жарақтар, қолжазбалар, құжаттар бар. Олардың барлығы археологиялық қазбалар кезiнде Отырар мен Түркiстан маңынан табылған бiрегей заттар.
"Келушiлердiң қызығушылығын тудыратын ең сирек жәдiгерлердiң бiрi - күйдiрiлген саздан жасалған құбыр жүйелерiнiң үлгiлерi. Оның пiшiнi конус тәрiздес. Сыртында суағары бар. Қазiргi унитаздарға ұқсас. Осыған қарап-ақ ол замандарда елiмiзде болған өркениеттiң қаншалықты дамығандығын елестетiп көрiңiздер. Бұл Отырар қаласы, XI-XII ғасырлар. Сонымен қатар XV ғасырдың қоладан жасалған шамдалы көрмеде ұсынылған бiрегей жәдiгерлердiң бiрi. Ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесiнен табылған", - дедi К.Үмбетова.
Көрме 2015 жылдың желтоқсан айына дейiн созылады.