Отырарда кітапханашылар байқауы өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Үздік кітапханашы -2016» байқауы өтті.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауылдық кітапхана меңгерушілерінің басын қосқан білім бәсекесіне аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысты. Аудан басшысы байқаудың ашылу салтанатында сөз алып «Кітап-адамзат баласы үшін өмірлік шамшырақ іспетті. Салмағы ауыр, жауапкершілігі мығым, киесі бар кітапқа ерекше құрметпен қараудың өзі тәрбиені талап етеді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарихи кезеңдері де осы кітапхана сөрелерінде тарихқа толы жәдігерлер болып қалануда. Еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін, құрметті кітапханашылар!» - деп үміткерлерге сәттілік тіледі.
Төрт бөлімнен құралған байқауда кітапхана меңгерушілері білім деңгейлерімен қатар өнерден де кенде емес екенін дәлелдей білді. Байқау мәресіне жетіп үздіктер анықталды.
Бас бәйгені Арыс ауылдық кітапхана меңгерушісі М.Шәріпбекова қанжығасына байласа, 1-ші орынды Қоғам ауылдық кітапхана меңгерушісі Ұ.Пәттел, 2-ші орынды Арыс ауылдық №10 кітапхана меңгерушісі Н.Байназарова, 3-ші орынды Шытты ауылдық кітапхана меңгерушісі Г.Дәуренбекова иеленді. Өзге де үміткерлер алғыс хат пен арнайы номинациялармен марапатталды.