Отырарда Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне саябақ пен ескерткіш ашылды

ШӘУІЛДІР. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Отырар ауданында Тәуелсіздік күніне орай атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне «Шәмші» саябағы ашылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  
None
None

Қара топырағында табанының ізі қалған, өз есімімен аталатын ауылда ел игілігіне берілген саябақ төрінде аса көрнекті сазгер, музыканың әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың еңселі ескерткіші де бой көтерді. Салтанатты шараға аудан басшысы Ерлан Айтаханов, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Саябақтың ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов ауыл тұрғындарын Тәуелсіздіктің 27 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, композитор саябағы мен ескерткішінің лентасын қиды.



«Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасында Отанымызды көркейтіп, қазақстандықтардың жағдайын жақсарту үшін көптеген жұмыстарды атқару керек екенін атап көрсеткен болатын. Осы бағытта ауданымызда бірнеше ауқымды жұмыстар жұмыстар атқарылып келеді. Мұның бәрі Тәуелсіз мемлекетіміздің бейбіт күндерде қол жеткізген жетістіктері деп білемін. Сондай-ақ, Елбасының жуырда ғана жарыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімінде де ұлы тұлғалар шоғырын кеңінен насихаттап, ескерткіштер мен тұлғалар галереясын жасау сынды бірқатар  маңызды бастама көтергені белгілі. Бар қазақты әсем әнімен әлдилеп, өнер көкжиегін сырлы әндерімен көмкерген сазгер атындағы саябақ ауыл  тұрғындары мен оның қонақтары үшін тамаша демалыс орны болмақ»,-деді Ерлан Айтаханов.



Аумағы атшаптырым демалыс орны ою-өрнекті қоршаумен бекітіліп, қылқан жапырақты 100 түп ағаш және жергілікті климатқа бейімделген 600 түп қара ағаш отырғызылған. Әдемі аяқ жолдардың бойына 14 орындық қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалды. Жауын мен ыстық күннен қорған болатын 4 ратон да саябақтың әрін кіргізіп тұр. Көктем айларында саябақ іші гүлмен көмкерілмек.

Шара барысында мемлекеттік гимн авторы құрметіне бой көтерген нысанға ауыл қариялары жүрекжарды лебіздерін айтып, ақ батасын берді. Одан әрі салтанатты шарада ұлы сазгердің балалық шағынан көріністер қойылып, қазақ даласын әнмен тербеткен сазгердің әндері шырқалды.

Соңғы жаңалықтар