Отырарда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған рухани кештер ұйымдастырылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Маяқұм ауылында аудандағы ақын-жазушылардың басын қосқан «Рухани мұрагер» атты кеш өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
None
None

Ширек ғасырлық Тәуелсіздігімізді ұлықтау, мәдени-рухани құндылықтарымызды насихаттау, жергілікті ақын-жазушыларға құрмет көрсету мақсатында өткен шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, арқалы ақындардың шығармашалығына табыс тіледі. Шара барысында мәдениетіміз бен әдебиетіміздің нар жүгін көтеріп жүрген өңірімізге белгілі бір топ ақындар Егемендігіміздің 25 жылдығы тақырыбын шығармаларына арқау етіп, тыңдармандардың рухын бір көтеріп тастаса, жергілікті өнерпаздар әсем әндерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында ауыл ақсақалы Абан Серім көпшілікті мерекемен құттықтап, ақ батасын берді. Сонымен қатар, Көксарай ауылындағы Мәдениет үйінде «Тәуелсіздік таңы» атты мерекелік концерт өтті. Кеш соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, патриоттық әндер шырқалды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік мәдени, рухани іс-шаралар көптеп өткізіліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар