Отырарда жаңа балабақша ашылды

Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде ашылған балабақшаның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш қатысып, көпшілікті мерекемен құттықтады. Құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары «Ел боламын десең - бесігіңді түзе» деп, ұлы жазушы М.Әуезов айтқандай отанын сүюге, ата-анасын сыйлауға, өз елін қадірлеуге баланы кішкентай кезінен бастап баулу керек.
Бүлдіршіндердің тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлетін болсақ, болашақта білім мен тәрбие егіз болып, елдің болашағын көркейтетін азаматтар өсіп шығады. Бүгінгі күні «Балапан» бағдарламасымен ауданымызда 20 мемлекеттік, 5 жекеменшік балабақшалар өз жұмыстарын жасауда. Бүгінгі балабақшаның ашылуы және қуаныштарыңыз құтты болсын!» деді. Балабақшаның ашылу сәтінде ауыл ақсақалдары мен аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш салтанатты түрде лентасын қиса, Мырзахмет Темірбеков ақ батасын берді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен қолға алынға «Балапан» бағдарламасы аясында жұмысын бастаған балабақшада 2 топта 50 бүлдіршін тәрбиеленеді.