Отырарда жастардың «Алтыбақан» сауық кеші өтті
Облыстық салт-дәстүр және әдет-ғұрыптарды оқыту орталығы мен Отырар ауданы әкімдігі ұйымдастырылған шара Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өтті. Ауыл-аймақтан жиналған өнерпаздар дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқап, жастар «Соқыр теке», «Жүзік салу», «Тобық», «Қошқар көтеру», «Ақ сүйек» секілді қазақ халқының ұлттық ойындарын ойнады.
Қонақтар алтыбақан аясында әсем ән мен сыңғырлаған күлкіге толы сауық кешті тамашалады. Сауық кешке қатысқан жастар болса «Алтыбақан» рухани қуат, өнегелі тәрбие беретініне сенімді.
Кеште аудан әкімі Ерлан Айтаханов сөз сөйлеп, игі шараның маңызына тоқталып кетті. Сондай-ақ, алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізді. Қатысушыларға отырарлықтардың кәдесыйын тарту етті.
Кеш соңында Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова тамаша кештен алған әсерімен бөлісіп, жастар өнеріне алғысын білдірді.