«Ойдан іске асыруға дейін бір-ақ қадам» атты халықаралық конкурс мәреге жетті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған конкурстың мақсаты сақтандыру және тәуекелді басқару саласында үздік инновациялық идеяларды жарыққа шығару. Биыл 5-ші рет өткізіліп отырған конкурсқа 12 мемлекеттен 500-ге жуық жұмыс келіп түскен. Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығы, Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры, БАҚ өкілдеріне құралған қазылар алқасы бұлардың ішінен 6 жұмысты таңдап, үздік деп таныған. Конкурс қорытындысы бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекетік университетінің студенті Ирина Меркушова бас жүлдеге ие болып, оған 75 мың теңге жүлде берілді. «Сақтандыру бизнесіндегі «хай-тек» аталымында «Тұран» университетінің студенті Алексей Нигай, «Сақтандыру ойын өнері» аталымы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері Әлиайым Дүйсенбекқызы, Әзиза Құсайынова, Индира Мүминова, «Сақтандыру әлеміне ашылған терезе» аталымы бойынша Киев ұлттық суда-экономикалық университетінің студенті Богдан Лысак 25 мың теңге көлемінде сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар жеңімпаздардың жетекшілері Әмина Чивазова, Нұрлан Ахметов, Майя Пірәлиева, Раушан Бековалар да «Евразия» сақтандыру компаниясының бағалы сыйлықтарына ие болды.
Сақтандыру компаниясының атқарушы директоры Қуаныш Дәуітовтың айтуынша, конкурс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. «Конкурс осыған дейін республикалық деңгейде болса, биыл Еуразия құрлығы аумағының студенттеріне де қатысуға мүмкіндік берілді. Келесі жылы деңгейін бұдан да жоғары көтеруді ойластырып отырмыз», дейді Қуаныш Дәуітов.