«Ойық 15 сантиметрге жетеді»: Жетісу облысы тұрғындары жол сапасына шағымданды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облыстық әкімдігі автожол сапасына шағым айтқан тұрғынға жауап берді.
Әлеуметтік желіде жол сапасына қатысты видео тарады. Тұрғынның айтуынша, жолда ойықтар көп. Ол кейбір жерлерде ойықтың тереңдігі шамамен 15 сантиметрге жететінін айтты.
Видеода жолмен жүк көліктерінің көп қатынайтыны айтылған. Видео авторы көлік қозғалысының көптігі жол жамылғысына әсер ететінін екенін айтып, билік өкілдерінен шара қолдануды сұрады.
Облыс әкімінің коммуникация жөніндегі кеңесшісі Мәди Шәкеновтің сөзінше, бұл — Талдықорған — Үштөбе — Быжы — Мұқары тасжолы.
— Мердігердің кепілдік міндеттемелеріне анықталған ақауларды жою және жол жамылғысын қалпына келтіру кіреді. Белгіленген талаптар мен кепілдік шарттарына сәйкес жөндеу жұмысы қазан айының ортасына дейін аяқталады, — деді Мәди Шакенов.
Оның айтуынша, жағдай бақылауда. Ол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдың жағдайы реттеледі деп отыр.
Еске салайық, Жетісуда лай көшкін «Сарыөзек — Көктал» жолының учаскесін шайып кеткен еді.