Ойын бизнесінің корпоративтік табыс салығы өсуі мүмкін

ойын
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM –  Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы жаңа Салық кодексін таныстыруға арналған іс-шарада корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі қалай белгіленетінін түсіндірді.

«Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесін сол күйі қалдырамыз. Ол 20 пайыз болады. Ал банк секторы мен ойын бизнесі саласында мөлшерлеме 25 пайызға дейін көтеріледі. Ал қайта өңдеу өнеркәсібі мен медицина, білім беру сияқты әлеуметтік салаларда, қаржылық лизинг секторында 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлеме болады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі корпоративтік табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесін Ұлттық экономика министрлігінің мақұлдауымен қалыптастырады», - деді ол.

Вице-министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін аталған мөлшерлеме біршама азаятынын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 3 пайыз деп белгіленіп отыр. Бірақ бұл – таза арифметикалық дүние. Өйткені қазір бұл мөлшерлеме 10 пайыз. Біз саладағы салық сомасын 70 пайызға төмендетіп отырмыз. Сонда 3 пайыз қалады деген сөз», - деді Азамат Әмрин.

Соңғы жаңалықтар
telegram