Ойыншылары о бастан мықты құрама мен бапкер ғана басымдыққа ие – Станислав Черчесов

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов агенттік тілшісіне берген сұхбатында алдағы жоспары мен легионерлерге қатысты пікір білдірді.

Станислав Черчесов
Фото: ҚФФ

- Станислав Саламұлы, биылға қандай жоспарыңыз бар?

- Жиі қойылатын сұрақ. Бірақ, ойын қашан өтетінін, неге дайындалу керектігін білмей жатып жоспар құру мүмкін емес. Қазір жеребе тасталды, енді қашан, қайдан бастайтынымызды анық түсінеміз. Жоспар осыдан шығады.

Бізде сыртта екі ойын ашық алаңда өтеді, демек «Қалай дайындаламыз?» деген сұрақ автоматты түрде туындайды. Қазақстанда наурыз айында күн салқын, сондықтан ашық алаң дайын болмайды. Қазір осы мәселені қалай шешу керектігін талқылап жатырмыз. Мүмкін бір жерге жиналатын шығармыз. Жаңа ғана лиганың жаңа президентімен осы мәселе туралы сөйлестік. Жұмыс жүріп жатыр, оның көбі көзге түспейді, сіздер тек 90 минуттық ойынды ғана көресіздер.

- Қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- Әрине, өзгерістер болады. Мысалы, Бауыржан Исламхан жағымсыз жағдайға тап болды. Жарақат алды, ота жасалды, өкінішке қарай наурыз айында болмайды. Осы уақыт ішінде белгілі деңгейге көтерілген ойыншы.

Кім, қандай күйде? Қай клубқа ауысады? Кім, қалай ойнайды? Бапкер футболшыны қандай позицияда қолданады? Осы сияқты сұрақтарға қатысты ештеңе айта алмаймын.

Мен қанша жылдан бері Ресей құрамасында, Қазақстан құрамасында жұмыс істеп келем. Бәрі біз жоспарлағандай болғанын көрген емеспін, ешқашан олай болған емес. Өйткені, үнемі аяқасты бірдеңе болып қалады. Біз қайда бағыт алып бара жатқанымыз жайлы көрініс, түсінік бар. Ал қалғанын жағдай көрсетеді.

футбол
Фото: ҚФФ

- Қазақстан құрамасындағы қызметіңізді қалай бағалайсыз?

- Егер таза сандарды сөйлетсек, онда нашар. Егер ішкі жақтан алып қарасақ, біраз жағымды сәттер бар.

Иә, біз гол соққан жоқпыз және аз ұпай жинадық. «Мұндай қиын топта көп ұпай жинаймыз» деп айту таяз ойлау болар...

Әрине, біз де оң нәтижені қалаймыз, бірақ, қандайда бір себептермен сәтсіздікке ұшырадық. Бізге қазір жинақталған тәжірибе көмектеседі деп үміттенеміз. Ең бастысы, ойыншылар сақадай сай ма, олардың дайындығы қалай?! Мысалы, Дарабаевтың, Заруцкийдің және Покатиловтың әзірге келісімшарттары жоқ.

- Қандайда бір себептермен сәтсіздікке ұшырадық дейсіз... Дегенмен, нашар нәтиженің басты себебі неде деп ойлайсыз? Жаттығу жеткіліксіз бе? Қаржыландыру аз ба, әлде футболшылар әлсіз бе?

- Бізге Холланд, Арнаутович, тағы сол сияқтылар жетіспейді. Белгілі, белгісіз себептермен о бастан-ақ мықты клубтар, құрамалар бар. Біз де қазір солармен теңесу үшін, бағдарламамызды орындау бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Біріншіден, бұл жолғы ұлттар лигасында бізде өтпелі матчтар болған жоқ.

Екіншіден, бізде кішкентай қадам жасауға көмектесетін ұйымдастыру жағы болған жоқ. Біз жүйені қайта құрып, төрт қорғаушыға көштік. Бұл ойыншыларға ұнайды. Қорғанысты, тепе-теңдікті сақтау үшін шабуылға тағы бір ойыншыны қостық. Бұрыштан көбірек доп бере бастадық және доп көбірек ұсталды. Мысалы, Словениямен ойында 100-ден көп пас бердік, бізде доп болды.

Ойыншылары о бастан мықты құрама мен бапкер ғана басымдыққа ие. Өйткені, екі күнде командалық ойынға, физикалық жағдайларға әсер ету мүмкін емес. Бастапқыдан бәсекелестік ортада ойнайтын жеке ойыншылар күштірек. Испанияда, Италияда, Германияда ойнайтын ойыншы, ол үнемі осы деңгейде жаттығады. Біз бұл жағынан артта қалғанбыз. Бірақ, ең бастысы, қазір бізде ынта бар, мүмкіндік бар.

- Кейінгі кезде Қазақстанда легионерлер мәселесі жиі қозғалып жүр. «Олардан ешқандай пайда жоқ» деген сын айтылады...

- 2014 жылы мен «Динамоны» жаттықтырдым, ол кезде де осы сұрақты қойды. Құрамада 6 легионер, 5 Ресей азаматы ойнау керек болды. Ойынға дайындалып жатқанда, оны да санау керек. Мәселе, құрамадан кім шығады, кім, кімді ауыстыратынында емес, ең бастысы құрамада қанша легионер бары, шектеу болуы керек. Бірақ, мен 8 сапалы легионерді ұсындым. Өйткені, шектеу болса, ешқандай клуб негізгі емес ойыншыны алмайды. Нақты 8, 7, 9 легионер болу керек деп айтпаймын, белгілі бір шек болуы керек. Сонда бәсекелестік орта болады. Легионерлер төлқұжат үшін ойнамайды. Барлық жерде шетелдіктер бар, Қазақстан жеке әлемде өмір сүрмейді ғой. Ал легионерлер лайықты ма, оны әр клуб өзі шешуі керек.

футбол
Фото: ҚФФ

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан футбол федерациясы Черчесовтің отставкаға кетуі жөнінде мәлімдеме жасаған болатын

Сондай-ақ өткен жылдың аяғына қарай федерациясының жаңа президенті тағайындалды

Соңғы жаңалықтар