Ойлы пайым мен прагматикалық мақсаттарға сүйенуіміз керек – ҚР Президенті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттің барлық саласы мен қоғамды модернизациялау – стратегиялық даму негіздеріне сай, азаматтық қоғамның пікірін талдау арқылы жүзеге асырылады. Елордада өтіп жатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойлы пайым мен прагматикалық мақсаттарға сүйенуіміз керек – ҚР Президенті

«Алдағы реформалар, ең алдымен саяси жүйе азаматтардың мүддесін қорғай алатындай сипатта жүргізілуі тиіс. Біздің басты мақсатымыз өзгеріссіз қалады – мемлекеттің тұрақтылығы. Мемлекеттің барлық саласы мен қоғамды модернизациялау – стратегиялық даму негіздеріне сай, азаматтық қоғамның пікірін талдау арқылы жүзеге асырылады. Құрғақ уәделер мен популизм – ортаңқол саясаткерлердің ісі. Ал біз ойлы пайым мен прагматикалық мақсаттарға сүйенуіміз керек. Бұл қағидаттар біздің жұмыстың мазмұнын құрайды деген сенімдемін», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында.

Президенттің айтуына қарағанда, ешкім тоқырау кезеңде өмір сүргісі келмейді.

«Біздің бәріміз реформа үшін дайынбыз. Бұл жерде нақты қандай реформа керек деген сұрақ бар. Оның жауабы бірлесе айқындаған нақты ұсыныстарда», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтіп жатыр. Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.

Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.