Ойнаймын деп жүріп, от басты

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Астанада «жарылғыш зат қойылды» деген жалған ақпарат таратқан азаматша тұтылды.

Ойнаймын деп жүріп, от басты
Бұл туралы бүгін Астана қалалық ІІД Тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділда Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Наурыздың 18-і күні Манас көшесіндегі «Данияр» мейманханасына телефон шалынып, компьютер арқылы ырғағы өзгерген дауыспен жарылғыш заттың қойылғандығы жөнінде хабарланады. Бұдан секем алған мейманхана қызметкерлері дереу құқық қорғаушыларға жүгінеді. Іздестіру шараларының нәтижесінде қоңырау шалған «Түркістан» қонақүйінің әкімшісі, 1975 жылғы Мүсәліпова деген азаматша болып шықты. Өзі «Данияр» мейманханасы әкімшісінің жақын туысы көрінеді. Оның айтуынша, туысына осылайша әзілдеген. Нұрділда Ораздың сөзіне қарағанда, әлгі әзілқой енді осы «ойыны» үшін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.