Ойран салу, арандату - мұсылманға тән әрекет емес - ҚМДБ төрағасының орынбасары
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар елдегі ахуалға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әрине, алдымен Алладан ел тыныштығы үшін дұға тілейміз. Дәл қазір біз үшін маңыздысы елдің ауызбіршілігін сақтау. Ел амандығын тілеп, алауыздыққа жол бермеу. Жаңа ғана Мемлекет басшысының халыққа үндеуін тыңдадым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел қамы үшін қабылдаған Президент шешімін толық қолдайды. Қасым-Жомарт Тоқаев ел ертеңіне қатысты түйткілді жайттар мен оны шешу жолдарына тоқталып өтті. Өздеріңіз білетіндей, қауіпсіздікті сақтау мақсатында төтенше жағдай кезінде мешіттер де жамағат болып намаз оқуға, басқа да діни шара ұйымдастыру уақытша тоқтатылды. Осы орайда жұртшылық жағдайға түсіністікпен қараса екен деймін. Өйткені, төтенше жағдай ережесіне бағыну маңызды», - деді Ершат Оңғар.
Оның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі елде бүліктің болуын қолдамайды және халықты сабырға шақырады.
«Құрандағы Бахара сүресінің 191 аятында «бүлік шығару кісі өлтіруден де ауыр күнә», - делінген. Елдегі болып жатқан жайт, өркениетті Қазақстанның демократиялық қағидатына кереғар және ойран салу, арандатушылыққа алып бару мұсылманға тән емес әрекет. Біздің басқарма лаңкестер мен содырлардың теріс әрекетін айыптайды. Пайғамбарымыз айтқандай, нағыз мұсылман өзге мұсылманға қолмен де, тілмен де зиян келтірмейді. Зиян келтіру, ел ішінде бүлік шығару ауыр күнә екенін тағы еске салғым келеді», - дейді ол.
Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеу жолдады.