Ойынхана, букмекерлік кеңсе, тотализаторлардың тұрғын үй ғимаратында жұмыс істеуіне тыйым салынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Ойынхана, букмекерлік кеңсе, тотализаторлардың тұрғын үй ғимаратында жұмыс істеуіне тыйым салынбақ

Заң жобасы еліміздегі ойын бизнесі саласындағы заң нормаларын жетілдіруді көздейді. Мұнда ойын бизнесі туралы заңнаманы айналып өтуге мүмкіндік беретін алшақтықтар мен қайшылықтарды жою шараларын қарастырады. Сонымен қатар, интернет-казино қызметіне, оның ішінде Қазақстан аумағындағы шетелдік интернет-казино қызметіне тыйым салу белгіленеді. Бұдан бөлек, ойын бизнесі саласында лицензия алу кезінде өтініш берушілердің талаптарын қатаңдату қарастырылады.

Сонымен қатар, ойын бизнесі саласына салынатын салық мөлшері арта түседі. Атап айтқанда, жоба бойынша букмекерлік кеңсе және тотализатор кассаларынан алынатын салық 75 айлық есептік көрсеткіштен (138 900 теңге) 150 айлық есептік көрсеткішке дейін (277 800 теңге дейін) ұлғаятын болады. Ал букмекер кеңсесі мен тотализатордың электрондық кассасына салынатын салық 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін (3 млн. 704 мың теңге) артады. Бұл ретте электрондық кассаға салықты арттыру негізінен оны пайдаланушылардың көптігіне қарай орын алып отыр. Мәселен, орта есеппен алғанда Интернет-ресурс арқылы бәс тігуге тіркелген қатысушылардың саны 200 мың адамға жетеді әрі олардың 50 пайызы тұрақты қатысушылар болып табылады.

Бұдан бөлек, ойын мекемелерін, букмекер кеңсесі кассаларын және тотализаторларды тұрғын үй ғимараттарына орналастыруға тыйым салынады.

Заң жобасы палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылады.