«Өз еліңде демалғанға ештеңе жетпейді» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 наурыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің өткен жылғы 17 мамыр күнгі 96 нөмірінде ұлтымыздың ұлы байлығы, руханият қастері - Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қауіп алдында тұрғаны жайында профессор М.Қожаның «Кесененің күйі күрделі» аталатын мақаласы жарияланған болатын. Мәселенің мән-жайын, қолға алынған жұмыстардың барысын білмек ниетпен басылым бұл жолы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Мәулен Садықбековке хабарласқан. Өкінішке қарай, «Егемен Қазақстан» көтерген мемлекеттік маңызы бар мәселеге назар аударған, жанашырлық танытқан жан болмағандай. Қорық-мұражай директорының мақаласы соны анық аңғартады. Мәселен, қорық директорының айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды реставрация деп айтуға келмейді. Өйткені, кәдуілгі құрылысқа тән ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады. «Мемлекеттік бюджеттен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің реставрациясына жыл сайын қыруар қаржы бөлініп келеді. Алайда, осы қаржының нақты қандай жұмыстарға және қалай жұмсалып жатқаны туралы мәліметті ешқайдан кездестіре алмайсың. Жыл сайын жүргізіліп жатқан реставрациялық жұмыстар туралы мақалалар, сол жұмыстар жөнінде мамандардың әрқилы пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарынан таппайсың. Бәрі құпия. Бұл күнде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі құрылыс тәжірибесін өткізетін сынақ алаңына айналып кеткендей. Жылда бітпейтін жөндеу жұмыстары, құрылыс сатылары. Бұл кесенеге келуші халықтың орынды ашу-ызасын тудырып жүр», - деп жазады мақала авторы. Толығырақ «Киелі кесене сынақ алаңына айналмауы тиіс» деген тақырыпта баяндалған.
«Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде қабылданған шешімдерге әлемнің әр елдерінде тұратын қандастарымыз, қазақ диаспораларының өкілдері бұл күндері үлкен қызығушылық тудыруда. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев мырзаға жолығып, осыған байланысты өз ой-пайымдарын айтып беруін өтінген. «Елбасы алға тартқан бес халықтық реформа - бес қадамның бірі соттар жөніндегі сөз болды. Сотқа түскен істің де ит-ырғылжың машақаты бітіп болмайтын кезеңге тап болғанымызды басына іс түсіп, күн туғандар біледі. Қарапайым адамдар соттың маңынан жүре алмайды, оларға сын айтудың өзі де қиын болып кетті. Баяғы бюрократтық, баяғы тоңмойындық, немесе одан арғысы. Осы арада сот реформасының өте-мөте қажет екендігін, жалпы сот жүйесінің деңгейін көтеру керектігін Нұрсұлтан Әбішұлы тамыршыдай тап басып айтқанына ел сүйсініп, ризашылығын білдіруде», - деді Т.Мамашев «Елбасының бас анығы» деген тақырыптағы мақалада.
***
Ішкі туризмді дамыту - мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Қазіргі таңда халықаралық туризм - әлемдік экономикадағы ең қарқынды дамып жатқан салалардың бірі. Дәл осы тақырып арқау болған мақала «Айқын» газетінің сенбілік санында «Өз еліңде демалғанға ештеңе жетпейді» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев республикада туризм индустриясын дамытуда Қазақстанды бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енгізудің маңызды стратегиясы ретінде айқындағаны белгілі. Қазақстанның туристік бет-бейнесін көтеруде республика территориясына келіп-кету тәртібін жеңілдетуі, кедендік шараларды біртұтас компьютерлендіру жүйесін енгізу маңызды мәселе. Бұл орайда үлкен шаралар қолға алынып жатыр. «Сырттан келген адамға ең алдымен не керек? Керемет табиғат пен көңіл жайланатын демалыс үйі қажет. Бұл орайда республикамызда жаныңды жадыратар көрікті жерлер жеткілікті. Мысалы, кенді Алтай өңіріндегі «Көгілдір бұғаз» бүгінде келушілердің керемет демалыс орнына айналып отырғанын жасыруға болмайды. Шындығында, 137 номерлі екі корпусты әртүрлі бөлмелік ғимараттар жанға жайлы екені сөзсіз. Сонымен қатар әртүрлі дәрежедегі коттедж үйлер де келушілерге жоғары көңіл-күй сыйлайды», - деп жазады басылым.
«Павлодар қаласында тұратын тарих ғылымдарының докторы, профессор Қайырболат Нұрбаев редакцияға арнайы хат жолдап, жергілікті тұрғындардың ұсынысын тиісті орындарға жеткізуімізді сұрапты. 1000-ға тарта адам қол қойған өтініште шаһар іргесіндегі Ленин кентінің атауын Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны, ХІХ ғасырдағы аса көрнекті саяси тұлға Қазанғап Сатыбалдыұлының есіміне ауыстыру туралы мәселе көтерілген», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Ленин кентінің тұрғындары ауыл атын өзгертуді сұрайды» деген тақырыптағы мақаласында. Хат авторлары Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында ұлттық тарихымызды ұлықтау шаралары басталып кеткеніне ризашылығын білдіре отырып, әлі де ескерусіз қалып келе жатқан бабаларымыздың ерлік істерін қастерлеп, кейінгі ұрпаққа үлгі ететін уақыт жеткенін айтады.2012 жылы ауыл атын өзгерту жөнінде ынталы топ белсенділерінің бірі, тыл ардагері Махмет Демесіновтің бастамасымен арнайы жиын өтіп, көпшілік бірауыздан «Күнкөсемнен» құтылуға шешім қабылдаған көрінеді. Алайда осы уақытқа дейін жергілікті билік тиісті қаулы шығарып, арыз-тілектерін қабыл алуға құлық танытпапты.
***
«Жезқазғанда алғаш рет қазақ келіндерінің байқауы өтті», деп жазады «Экспресс К» газеті сенбілік санындағы «Келин Дион» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, байқауға қатысқан әрбір келін өзінің аспаздық шеберлігін паш етумен қатар ұлттық салт-дәстүрге жетік екендігін көрсете білген. 5 кезеңмен өткізілген байқауда негізінен ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән берілген. Сонымен қатар қатысушы өз жұртымен қатар қайын жұртының да руын жетік тілуі қажет болған.