Өз ісін өнер деп таныған фототілші ғана газеттің мәртебесін көтере алады - Н. Қизатұлы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Өз ісін шын сүйетін және оны өнер деп таныған фототілші ғана газеттің мәртебесін көтере алады. Алматыда қолға алынған «Тәуелсіздік тағылымы» атты ұлттық жоба аясында «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында фотожурналистика саласында 45 жыл еңбек еткен, соның ішінде 40 жыл өмірін «Жетісу» газетіне арнаған, ал бүгінде 75 жасқа аяқ басқан белгілі ардагер фототілші Нұрманбет Қизатұлы осылай деді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда газет беттеріне жарияланған фотосуреттердің сапасы сын көтере бермейді.
«Мен қазір кейбір газет беттерінен жоғары деңгейде түсірілген дүниелерді көре алмай жүрмін. Сын жоқ жерде сапа да жоқ. Бір бетке табақтай етіп, бір суретті қоя салады», - деді Н. Қизатұлы.
Сонымен қатар, Нұрманбет аға кеңес заманында қазақ газеттерінде фототілшілерге қойылатын талап өте ауыр болғандығын есіне алды.
«Мен үш редактормен жұмыс істепін. Үлкен өмір мектебінен өттім. Газетте жауапты хатшылық деген болады. Сонда, түсіріп келген 15-20-шақты суретіңнің біреуін ғана қалдырып, қалғандарын лақтырып тастап, ит-теріңді басыңа қаптап ұрысқан кездер де болды ғой. Сонда «суретім кәрзеңкеге кетіп қалмасыншы» деп, қалай түсіретініңді алдын ала іштей ойлап, үнемі пысықтап жүретінбіз. Тура бір жанкешті жұмысты атқарып жүрген жауынгер секілді едік. Иә, сурет мәтін емес, өзгерте салатын. Ол - қас-қағым сәт. Сол үшін кейде жер жыртып жатқан тракторшыларды түсірем деп, айдалған жермен жүріп, үсті-басымыз шаң, батпақ болып кететін кездеріміз болды. Шаң кетеді ғой, ал ұтымды, үйлесімді, сырға толы қас-қағым сәттер қайтып оралмайды», - деді Н. Қизатұлы.
Сөз соңында ардагер фототілші бүгінгі фототілшілерді өз жұмысын тек күнкөріс қамы деп қарамауға шақырды.
«Өз мамандығыңды сүю керек. Ол үшін ешқандай қиындықтан қашпа! Суретте қас-қағым сәт бейнелегенімен оның сыры тереңде. Сурет «сырласып» тұрмаса ол сурет емес. Ол сыр, қас-қағым сәтпен келеді. Оны жіберіп алмау керек. Жіберіп алсаң, өкініші ауыр болады. Осы өнердің ыстық-суығына шыдаған, шаршау білмейтін суретшілер ғана көрмелердің төрінен орын алады», - деді Н. Қизатұлы.
Айта кетелік, кеше ҚР Ұлттық кітапханасында «Тәуелсіздік тағылымы» атты ұлттық жоба аясында «Ел мақтаныштары» атты фотокөрме ашылды. Енді, ол алдағы 28 сәуірде Астана қаласында жалғасын табады.