Өз мамандығыңа шындап берілсең, қиындығына да төселіп кетесің – Айнұр Иқсанова

ОРАЛ. ҚазАқпарат – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Жәнібек аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі жерге орналастыру жөніндегі бас маманы Айнұр Иқсанова өз мамандығының қыр-сыры жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Өз мамандығыңа шындап берілсең, қиындығына да төселіп кетесің – Айнұр Иқсанова

-Айнұр Төлегенқызы, жерге орналастыру мамандығын көбіне ер адамдардың меңгеретіні белгілі. Осыған қалай келдің, соны әңгімелеп берсең?

-Менің өмірімнің өзгелерден көп ерекшелігі жоқ. Қарапайым ауыл қызымын. 1985 жылы 12 қараша күні Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылында дүниеге келдім. 2003 жылы Жәнібек ауылындағы Т.Жароков атындағы орта мектепті тәмамдап, есею жолына түстім.

Әкем өмірден ерте кетті де, бар қиындық үш қызымен қалған анамның иығына түсті. Мені кішкентайымнан пысық, өткір мінезді, еш нәрседен қаймықпайтын қыз етіп өсірді деп ойлаймын. Ол кез қанша жақсы болғанымен, жоқшылық та, таршылық та кездеспей қалған жоқ. Біздерге жоқтық пен таршылықты көрсетпеймін деп, анамыз ер адамның да, әйелдің де қызметін атқарғанын сәби болсақ та сезініп өстік.

Алдымдағы апам мен ізімнен ерген сіңілім маған қарағанда, мінездері бірқалыпты, жайдарлы, нәзіктеу болды. Өсе келе, ұлдардың жұмысын істеу менің мойнымда болды. Қар күреу, су тасу, мал қарау сияқты жұмыстарды айтқызбай тындыратынбыз. Анамыз осыншама қиындықпен бізді өсіріп, бой жеткізді. Қайтсем, сол анашымды таққа отырғызбасам да, баққа бөлеймін деген бала арман кеудемде болды.

Сондықтан болар, көбіне ер адамдар таңдайтын жерге орналастыру мамандығын мен де атқара аламын деген ойға бекіндім. Оның үстіне анашыма көмегім болсын, ақылы емес, не де болса тегін оқимын, әуелі агроколледжде білім алып, сосын еңбекке орналасып, жоғары оқу орнына түсермін деген мақсат та болды.

Міне, осылайша, жерге орналастырушы – жер кадастры мамандығы бойынша білім алып, 2006 жылы Жәнібек аудандық жер кадастры филиалына директор болып тағайындалдым. Осы жұмыстың қыр-сырын Ордабек Зайнуллин деген маман үйретіп, бәрін түсіндірді. Еңбек жолымның оңайға түспейтінін сонда түсіндім.

-Жерге орналастырушының өзіндік қиындығы да жеткілікті болар?

-Иә, таңмен ерте тұрып, ауылдарды аралап, жер өлшеуге, жобалау жұмыстарын атқаруға тура келетін. Тапсырыс берушінің көлігімен 100-150 шақырым қашықтықта орналасқан жерге баратынмын. Алыс округтерге жол түскенде, бір емес, бірнеше жерді өлшеп келуге тырысасың. Жолдың ауырлығына, қыстың аязы мен жаздың аптап ыстығына көнуге тура келеді. Кейде апарған көлігің жолдың жоқтығынан жүре алмай қалады. Сонда күн ыстықта екі-үш шақырым жаяу жүресің. Міне, осының бәрі пысытты, одан сайын шыңдала түстім. Сөйтіп жүріп екі жоғары оқу орнын тәмамдап, жерге орналастырушыға қоса заңгер мамандығын да меңгердім. Қазір еңбегімнің жемісін көріп жүрмін. Тәрбиелеп отырған қызым бар, бақыттымын деп ойлаймын.

-Күні бүгін қандай қызметтесің, оны да айта кетсең?

-Бүгінгі таңда Жәнібек аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінде жерге орналастыру жөніндегі бас маман қызметін атқарамын. Аудандық бөлімде төрт маман еңбек етеді. Бөлім жер телімдеріне жерге орналастыру жұмыстары, техникалық құжат, мемлекеттік сәйкестендіру құжаттары, кадастрлық бағалау құнын айқындау және басқа қызметтерді атқарады. Күніне 10-15 тапсырыс беруші бөлімнің жұмысына жүгінеді. Соның бәрін уақтылы тындыру – біздің міндетіміз.

Мұнымен тоқтап қалмай, өз мамандығым бойынша біліктілігімді әлі де жетілдіргім келеді.

-Халықаралық әйелдер күніне орай қандай тілек білдірер едің?

-8 наурыз – көптеген ел тойлайтын халықаралық мереке. Өзім ана болғаннан кейін барлық әлемдегі әйелдердің ұйқысы тыныш болса екен, өсіріп отырған ұрпақтары бақытты болса екен, әркім еш уайымсыз, қайғысыз өмір сүрсе екен деп тілеймін. Өмірге ұрпақ әкелетін – ана, сондықтан аналардың тілегі қабыл болады деп ойлаймын. Барша анаға денсаулық, еңбектері жемісті, көргендері қызық болсын деп тілеймін. Бейбіт өмірге жететін ештеңе жоқ, халқымыз аман, еліміз тыныш болсын!

-Әңгімеңе рахмет.