Өз-өзін атып өлтірген Жампозовтың ісіне қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат - Ақмола облысында Өмірбек Жампозовтың ісіне қатысты шығарылған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз-өзін атып өлтірген Жампозовтың ісіне қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеше облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы өз-өзіне қол жұмсаған Өмірбек Жампозовтың ісіне қатысты сот үкіміне сотталушылардың және олардың қорғаушыларының арызын қарады.

«Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы сотталушыларға қатысты Целиноград аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды», - деп түсіндірді Ақмола облыстық сотының баспасөз хатшысы Күләш Домалақова.

Еске сала кетейік,  «Қазводхоз» коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшысы  Өмірбек Жампозов ағымдағы жылы сыбайластарымен бірге Целиноград ауданының Преображенское су торабын жөндеу жұмыстарына бөлінген 640 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған болатын. Яғни, осы қылмыстық істегі алты күдіктінің бірі еді. Кейін, өзін кінәлі еместігін дәлелдемек болған ол, 20 шілдеде осы іс тергеліп жатқан Целиноград аудандық прокуратурасының ғимаратында құқық қорғау органдары қызметкерлеріне оқ атты. Артынша  өз-өзін атып өлтірді.

Алайда, Өмірбек Жампозовке қатысты іс оның өліміне байланысты тоқтатылмай, Целиноград аудандық соты оны кінәлі деп тапты. Бірақ қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ал қалған күдіктілерге 2 жыл 6 айдан 7 жылға дейін бас еркінен айыру және дүние-мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды.