Өз өзіне қол жұмсаған Еуразия Ұлттық университетінің студенті Ә. Танаеваның ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, ҚазАқпарат осыған дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Әлина Танаеваның мәйіті сәуірдің 22-сі күні өзі оқитын оқу орнының маңында өсіп тұрған ағашқа асылып тұрған жерінен табылғандығын хабарлаған болатын. Сондай-ақ студент қыздың мәйітінің жанынан қолхат табылып, онда студент қыз өзінің өліміне кінәлі ұстаздары мен курстастарының аты-жөндерін жазып кеткен болатын.
Осы оқиғадан соң Ішкі істер министрлігінің өкілдері аталмыш фактіге байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалғандығын және оның нәтижелері туралы қосымша хабардар ететіндігін мәлімдеген болатын. Бүгін журналистермен болған брифингте осы оқиғаға байланысты қойылған сауалға жауап берген Қ.Жұманов «Астана қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты Алматы аудандық ішкі істер басқармасының Тергеу бөлімі мамырдың 4-і күні Қылмыстық кодекстің 102-ші бабының 1-ші тармағы бойынша, өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүрледі деген айыппен қылмыстық іс қозғады» деп атап көрсетті.
Оның айтуынша аталмыш факті бойынша қазір іздестіру, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ бірнеше қосымша сараптау жұмыстары тағайындалған.