Өз салмағымда чемпион болғым келеді - жекпе-жек шебері Санжар Әділов
«Бүгін Алланың қалауымен жеңіске жеттік. Жарысқа мұқият дайындалдық, еңбегіміз ақталды. Менің қарсыласым өте байсалды. Дағыстаннан шыққан, дайындығы мықты. Жекпе-жекті өте жақсы меңгерген, екеуміз де өз жоспарымызды ұстандық. Екі ай бойы осы жарысқа тыңғылықты дайындалдық», - деді Санжар Әділов жекпе-жектен кейін тілшілерге берген сұхбат барысында.
Спортшының ендігі мақсаты – өз салмағында чемпион болу.
«Жекпе-жек барысында жаттықтырушым айтқан кеңесті тыңдауға тырыстым. Жаттықтырушым жақсы күресіп жатқанымды айтты. Жеңіске жеткеніме ризамын. Мен көрермендердің қолдауын сезіндім, сол арқылы өзіме қуат алдым. Ендігі мақсат – титулға ие болып, өз салмағымда чемпион атану», - дейді ол.
Айта кетсек, бұған дейін елордада өткен Хабиб Нурмагомедов турнирінде қазақстандық Санжар Әділовтің ресейлік қарсыласын жеңгені туралы хабарлаған едік.
Сондай-ақ, аталған бәсекеде тағы бір отандасымыз, жекпе-жек шебері Әли Қабдолла тұншықтыру әдісі арқылы ресейлік Валерий Грицутиннен басым түскен еді.
Кеше елордада Eagle FC Хабиб Нурмагомедов турнирінің промоушен кездесуі өтті.
Хабиб Instagram парақшасында Нұр-Сұлтан қаласының өзгергенін айтып, бүгін, яғни 21 тамызда «Барыс Аренада» мерейтойлық турнир өтетінін жазды.
Сондай-ақ, бұған дейін UFC бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов өзінің Eagle FC лигасы бойынша Қазақстанда үлкен турнир өткізу жөніндегі жоспарын жариялаған болатын.