Өз шәкірттеріммен мақтанамын – Қазақстан жасөспірімдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан жасөспірім қыздар құрамасының алғаш рет 16 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатына жолдама алуына байланысты команда капитаны Ярослава Шведова өзінің пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Я.Шведова құраманың мұндай тарихи нәтижеге қол жеткізгеніне бақытты екендігін айтты.

«Бұл – командалық жұмыстың жемісі. Қыздарымыздың жеке бапкерлері Мұқам Ерматовқа (Ариана Гогулинаның жаттықтырушысы), Николай Слепцовқа (Полина Слепцова) және Вадим Шустерге (Анастасия Крымкова), Болат Өтемұратов бастаған Қазақстан теннис федерациясына, жалпы дене дайындығы жөніндегі аға жаттықтырушы Дмитрий Костецкийге ризашылығымды білдіремін. Осылай ұйымдаса күш біріктірудің арқасында тарихи нәтижеге қол жетті. Алдағы аптада Шымкентте бозбалаларымыз ойнайды, оларға да жеңіс тілеймін», деді Я.Шведова.


Ярослава Шведова Билли Джин Кинг кубогі тарихында бір маусымда Қазақстанның әйелдер және жасөспірімдер құрамасын әлем чемпионатына шығарған бірінші капитан атанды.

«Бұл шынында солай, қуаныштымын. Осы іріктеу сайысында қыздарымызға оңай болған жоқ, мен тек оларды қолдап, ақыл-кеңесімді айтып отырдым. Бұдан да биік табыстарға қол жеткіземіз деп ойлаймын. Әйелдер құрамасының мүшелері ересек қой, өздері де көп нәрсені біледі. Ал жасөспірім қыздарды үнемі қолдап, бағыттап отыруға тура келеді. Әр матч қиын тиді. Полина, Ариана, Анастасия – бәрі де аянбай жеңіс үшін тер төкті. Мен олармен мақтанамын. Әлем біріншілігі күзде өтеді. Ол да тағы бір үлкен сын болмақ. Бір ғана айтарым, жоғары орындар үшін барымызды салатынымыз анық», деді Я.Шведова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдерінің тарихи нәтижеге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар