Өз үйінен пана таппаған әйелдер: дағдарыс орталығынан репортаж
АСТАНА. KAZINFORM – Бірі күйеуінен, екіншісі өз анасынан зәбір көрген. Екеуі де бас амандығы үшін үйінен қашып шығып, бейтаныс адамдардан көмек сұрауға мәжбүр болды. Қазір олар Астанадағы «Қорғау» дағдарыс орталығын паналап жүр. Kazinform тілшісі «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны аясында дағдарыс орталығына барып, мұндағы әйелдердің тұрмыс-тіршілігімен танысып, мамандармен және зорлық көрген жандармен тілдесіп қайтты.
Жылдар бойы тыныштық іздеген әйелдер
Орталық тұрғындары сегізде оянып, таңғы асқа жиналады. Мектеп жасындағы балалары бар аналар бір сағат ерте тұрып, балаларын сабаққа дайындайды. Сөйтіп, бірі мектепке, енді бірі балабақшаға барса, аналар жұмысқа, кәсіптік білім беретін курстарға асығады. Орталықта қалған бөбектерге тәрбиешілер қарайды. Демалыс күндері оларға ағылшын тілі мен ән сабағы өтеді.
Түскі ас, тынығу уақыты, кешкі ас - мұндағы күн тәртібінің кәдімгі үйден айырмашылығы жоқ сияқты. Дегенмен орталықтағы әйелдердің көңілінде алаң, көкейінде жауапсыз сұрақ көп...
«Қорғау» дағдарыс орталығы 2009 жылы жұмысын бастаған. Алғашында 15 адамға ғана арналған орталық бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетеді. Біз барған кезде 62 орынға есептелген баспанада 63 адам тұрып жатты. Бір ана сәбиімен бір төсекке жайғасқан. Биыл қазан айының соңына дейін орталық 73 әйел мен 139 балаға көмек көрсеткен.
Орталық психологі Назерке Амантайқызының айтуынша, босаған орын көп ұзамай қайта толады. Бір отбасы орталықтан шықса, оның орнына көмекке мұқтаж басқасы келеді. Әйелдердің басым бөлігі полицияның жолдамасымен қабылданады. Медициналық мекемеде ем алғаннан кейін осында жіберілетіндер де, орталықты өз бетінше іздеп табатындар да бар.
– Зорлық көрген әйел бізге келген алғашқы екі-үш күнде одан күн тәртібін қатаң сақтау талап етілмейді. Ұйқысын қандырып, тамақтанып, тынығуына мүмкіндік беріледі. Өйткені кейбір әйел ұзақ уақыт бойы қорқыныш пен күйзелісте өмір сүргендіктен, қауіпсіз жерге келгеннен кейін де бірден бойын тіктей алмайды. Осы бір тыныштықты олар ұзақ жылдар күтті ғой, - дейді психолог Назерке Амантайқызы.
Кейбір әйел күйеуі өзін тауып алады деп қорқып, көшеге шығуға, жұмысқа баруға жүрексінеді. Мұндай жағдайда жаңа ортаға бейімделудің өзі екі-үш айға созылуы мүмкін. Орталық мамандары әйелдің тұрмыстық мәселесін шешумен қатар оның бойындағы қорқынышты жеңуге, өзіне деген сенімін қалпына келтіруге көмектеседі.
«Қорғансыздың күні»
Біз сөйлескен Оңтүстік өңірдің тумасы Айдана да (30 жаста, аты өзгертілді – ред.) осы орталыққа алғаш келгенде көшеге жалғыз шығуға қорыққан. Қазір мұнда тұрып жатқанына бес айдан асып барады...
Айдана өз үйінен өзі қалай бас сауғалағанын әлі ұмытпаған. Күйеуі тамағына пышақ тақап, өміріне қауіп төндірген түні үйден жалаңаяқ қашып шыққан. Артынан оқтаумен ұрған күйеуінің соққысынан иығы ауырып, бір қолын көтере алмай қалады. Десе де, телефонын алып үлгереді. Біраз жер жүргеннен кейін ғана жалаң аяқ екенін, ал үйде екі баласы қалғанын аңғарған.
– Қайда барамын, кімге айтамын, енді не істеймін деп далада жылап отырмын. Бір кезде жаныма бір орыс әйел келді. Қазақшасы судай. Жағдайымды естігеннен кейін ондай адамға екінші мүмкіндік берудің қажеті жоғын, полицияға хабарласуым керектігін айтты. Сөйтіп, 102-ге хабарластым. Полиция да дереу жетіп келді, олармен бірге үйге бардым, - деп еске алды ол.
Өзінің айтуынша, күйеуі бастапқыда есік ашудан бас тартқан. Тіпті, полиция оны бірнеше сағаттан кейін босатып жіберетінін, одан кейін көресіні көрсететінін айтып, қорқытқан.
– Есікті ашқаннан кейін де маған қол көтергенін мойындамай, керісінше, өзін жәбірленуші ретінде көрсетуге тырысты. Полицияға ол мені емес, мен оны таяқтың астына алғанымды, психикалық ауытқуым бар екенін айтты. Полицейлерге «егер күйеуімді өзі айтқандай 3-4 сағаттан кейін босатып жіберсеңдер, ісім сендермен болсын» дедім. Осылайша, мен арыз жаздым, оны ұстап әкетті, - деді Айдана.
Айдана дағдарыс орталығының бар екенін сол күні полиция қызметкерлерінен естиді. Бұған дейін күйеуінен талай рет зәбір көргенімен, мұндай орталыққа жүгінуге болатынын білмеген.
«Қайтып келген қыз жаман»
Айдана 21 жасында үлкендердің шешімімен тұрмысқа шыққан. Отбасылық өмірінің алғашқы үш-төрт айы ғана тыныш өткенін айтады. Кейін күйеуі ішімдік ішіп, қол көтере бастаған. Айдана жүкті кезінде де бірнеше рет төркініне қайтып барған. Бірақ анасы «ұят болады» деп, оны күйеуінің үйіне қайта жіберіп отырған.
– Екінші бөпемді босанайын деп жүргенде де үйіме қайтып бардым. Анама онымен тұрғым келмейтінін, ылғи қол көтеріп, таяқтың астына алатынын айтсам да, «Қайтып келген қыз жаман» деп, кері қайтарып жіберді, - деді ол.
Айдананың айтуынша, күйеуі қол көтеріп қана қоймай, оның әр қадамын бақылап отырған. Құрбыларымен араласуына, той-томалаққа баруына тыйым салған. Үш жыл бойы телефон ұстамаған. Кейін сіңлісі алып берген телефонды да өз қалтасына салып алған. Тіпті қандай ән тыңдайтынына дейін мән беріп, ән тыңдағанда кімді ойлайтынын сұрап, қызғаныштан жанжал шығаратын болған.
– Алты жыл бойына бітпейтін таяқ, ауыр сөздер, кінәлау.. соның бәрінен шаршап, ажырасам не өлем деп шешім қабылдадым. Бірақ шешем тағы қайтарып жіберетінін білем. Сондықтан оған емес, әулеттің үлкені – ағама хабарластым. Ауылда арқан өретін едік, сол арқанды қораға алып барып, мойныма салдым да, ағама телефон соқтым. «Мені не әкетесіз, не менің палауымды жеуге келесіз» дедім. Ағамның жаны шықты, ешкімге ештеңе білдірмей жинала бер деді. Сөйтіп үйге келдім де, заттарымды реттей бастадым, - деп еске алды Айдана.
Екі баласы үшін жаңа өмір бастаған ана
Осылайша, әулеттің үлкендерінің бірі араласқаннан кейін ғана күйеуінің үйінен біржола кетуге мүмкіндік алады. Сөйтіп, екі баласын анасына қалдырып, Астанаға жұмыс істеуге келеді.
– Бірде тігінші, бірде наубайшы болып жұмыс істедім. Анамның қолында қалған балаларыма ақша жіберіп, сәті түскенде оларға барып жүрдім. Сөйтіп біраз уақыт өтті. Жағдайым түзеліп, екі ботамды жаныма алдым. Мектепке жақын жерден үй жалдап, өзімізше өмір сүріп жаттық. Осылай жүргенде 4 жыл өткен екен. Бір күні күйеуім хабарласты. Өзгергенін, енді ішімдік ішпейтінін, құмар ойын ойнамайтынын айтып жалынды. Екі баламның әкесі ғой, қосылсақ, қосылайық деп, келістім. Сендім, екінші рет мүмкіндік бердім, - дейді Айдана.
Бірақ бұл жолы да тыныш өмір ұзаққа созылған жоқ. Күйеуі жұмыс істемей, әйелінен ақша сұрап, құмар ойын ойнап, ішімдік іше бастайды, анаша шегеді. Алдымен сөзбен кемсітіп, кейін қайтадан қол көтерген. Айдананың айтуынша, банк шотындағы ақшаны қайда жұмсайтынын бақылап, кімге қанша ақша аударғанына дейін тексеріп отырған. Не киетінін, не ішіп-жейтінін де өзі шешкен.
– Қайта бұрынғы қорғансыз Айдананың күйіне түстім. Бірге тұрған небәрі 6-ақ айдың ішінде өзіне бағындырып, бәрін өзіне тіркеп үлгерді.. Сөйтіп, бәрі қайта басталды.., - деді.
Күйеуі пышақ тақап, өміріне қауіп төндірген сол түні Айдана үйінен біржола кетуге шешім қабылдаған. Дегенмен дағдарыс орталығына келгеннен кейін де күйеуінің қоқан-лоқысы тоқтамаған. Айдананың айтуынша, қамаудан шыққан күйеуі бастапқыда кешірім сұраған. Әйелінің қайтып келмейтінін түсінген соң әртүрлі телефон нөмірінен хабарласып, қорқыта бастаған.
– «Осының бәріне сен кінәлісің. Сен менің айтқаныммен жүріп тұрмадың. Сен менің айтқаныммен жүріп тұрғанда, бұлай болмас еді» дейді. Қанша рет хабарласты, неше түрлі нөмірден. Қорқа бастадым. Сосын бәрін осындағыларға айттым. Тіпті, көрген жерде өлтіріп, асып кетем дейтін. Көшеге шыға алмай қалдым, жұмысқа да бара алмай қалдым. Далаға шықсам, жалтаңдап жан-жағыма қараймын, аңдып жүрген сияқты, іздеп келіп қалатын сияқты, - деді Айдана көзі жасқа толып.
Кейіпкердің айтуынша, қазіргі таңда күйеуінен қорғау нұсқамасы шығарылған.
Әйел неліктен зорлық көрсеткен адамнан бірден кетпейді
Дағдарыс орталығының психологі Назерке Амантайқызы қоғамда зорлық-зомбылық көрген әйелге қатысты «Неге ертерек кетпеген?», «Неге сонша жыл шыдаған?» деген сұрақтың жиі қойылатынын айтады. Дегенмен мұндай қарым-қатынастың қалай қалыптасатынына көп адам мән бере бермейді.
Маманның сөзінше, агрессор әйелді біртіндеп өзіне тәуелді етеді. Алдымен жұмыс істеуіне, құрбыларымен араласуына қарсылық білдіреді. Кейін бауырларымен, ата-анасымен байланысын шектеуі мүмкін. Орталыққа келген әйелдердің арасында бірнеше жыл бойы туғандарымен сөйлеспегендер де кездеседі. Осылайша, әйелдің көмек сұрайтын ортасы тарылып, қаржылық және психологиялық тәуелділігі күшейеді.
– «Сен менен басқа ешкімге керек емессің» деген сөзді миына құя береді. Жылдар бойы осындай сөз естіген, өз бетінше шешім қабылдау мүмкіндігінен айырылған әйелдің бір күнде бәрін тастап кетуі қиын. Оның үстіне туған-туысының қолдамауы, баспанасының, тұрақты табысының болмауы, балаларын қалай асырайтынына қатысты алаңдаушылығы да шешім қабылдауына әсер етеді, - деді маман.
Дағдарыс орталығы психологінің тәжірибесінде әйелдердің өз өміріне тікелей қауіп төнгенде немесе күйеуі баласына қол көтере бастағанда ғана көмекке жүгінетін кездері кездеседі. Кейбір әйел өзіне жасалған зорлыққа жылдар бойы төзсе де, баласына қауіп төнгенде үйінен кетуге күш табады.
Балалық шақта көрген зорлықтың салдары
Айдана өзінің балалық шағында да отбасындағы зорлық-зомбылыққа куә болып өскенін айтады. Әкесі балаларына қол көтерген, үйде бір-бірімен ашық сөйлесу, сезімін бөлісу, әңгімелесу болмаған. Қыз күнінде тұрмысқа шыққаннан кейін өмірі өзгереді деп үміттенген.
– Көп қиыншылық көріп өстік. Қыз күніңде тұрмысқа шыққаннан кейін жақсы өмір сүремін деп армандайсың ғой. Бірақ барған жеріңде де тура сол өмір қайталанғаннан кейін.., - деді де, жанары жасқа толып, үнсіз қалды.
Күйеуінен көрген зорлық Айдананың балаларымен қарым-қатынасына да әсер еткен. Балаларының кейбір әрекетінен бұрынғы күйеуінің мінезін көріп, ашуланғанын, кейде оларға қол көтергенін де жасырған жоқ.
– Балам кейде ашуланып, айқайлаған кездері, ойыншыққа таласып, төбелескен кездері одан тура күйеуімді көретінмін. Кейде ұрып тастайтынмын. Күйеуімнен ала алмаған ақымды баламнан алатындай едім. Кейін психологпен жұмыс істеген соң екі балама деген махаббатым ашыла бастады. Қазір өмірімнің мәні екі балам екенін түсіндім, - дейді Айдана.
Ол алғаш рет сіңлісінің көмегімен психологке жүгінген. Маманмен жұмыс істей келе, балаларымен көбірек уақыт өткізуге, оларды құшақтап, жақсы сөз айтуға, сезімін білдіруге тырысқан. Дағдарыс орталығына келгеннен кейін де осы бағыттағы жұмысын жалғастырып жүр.
– Бірінші өзімнен бастадым, екі баламмен арақатынасымды тағы түзеуге тырыстым. Қазір бұрынғыдай емес. Мен қазір балаларды алдыма алып, сөйлесу керегін түсіндім. Бізде бала күнімізде анамызбен, әкемізбен, аға-әпкелерімізбен сыр бөлісу деген болмайтын. Сөйлесу деген бізде таңсық нәрсе. Тек қол көтеру. Сондай нәрсені көріп өскеннен кейін бойыңда қалып қояды екен, - дейді ол.
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың балаға әсері тек оның көзінше болған жанжалмен шектелмейді. Ұзақ уақыт психологиялық қысым көрген ата-ананың баласымен қарым-қатынасы да өзгеруі мүмкін.
Осы мәселеге қатысты психолог Назерке Амантайқызы психологиядағы «өлі ана» ұғымына тоқталды. Бұл ұғым ананың физикалық тұрғыда өмірде болғанымен, психологиялық күйзеліс салдарынан баласымен эмоционалдық байланыс орнату мүмкіндігі әлсірейтін жағдайды сипаттайды. Мұндайда ана баланың күнделікті қажеттілігін қамтамасыз еткенімен, оған эмоционалдық жылылық танытуда қиындыққа тап болуы мүмкін.
Маманның сөзінше, дағдарыс орталығында әйелдермен қатар балаларға да психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетілуінің бір себебі - осы.
«Біздің үйде балаларды ұру қалыпты жағдай боп кеткен»
Дағдарыс орталығына тек күйеуінен зәбір көрген әйелдер келмейді. Мұнда өз ата-анасынан зорлық көріп, бас сауғалауға мәжбүр болған қыздар да бар. Солардың бірі – 18 жастағы Аружан (аты өзгертілді – ред.).
Аружанның басында ісік бар. Айтуынша, ата-анасы мұны бірнеше жыл бұрын білген. Соған қарамастан, анасы қызына қол көтеруін, тіпті басынан ұруын тоқтатпаған. Дағдарыс орталығына келген алғашқы айларда жұмыс істеп жүрген Аружанның кейін басы қатты ауырып, қайтадан МРТ-ға түскен. Қыз соққының салдарынан денсаулығы одан әрі нашарлаған болуы мүмкін деп ойлайды.
– Соның барлығын мамам, папам білсе де, жазылуым үшін ешқандай әрекет жасамады. Мен өзім қайда барарымды, қайда тексерілетінімді білмеймін ғой. Ол кездерде 18-ге де толған жоқпын, - деп бастады Аружан әңгімесін.
Ол сегіз жасына дейін Қостанай өңіріндегі бір ауылда ата-әжесінің қолында өскен. Кейін Астанадағы ата-анасының үйіне көшіп келген. Бірақ мұнда өзін бөтен адамдай сезінгенін айтады.
– Кішкентай күнімнен ата-анаммен бірге тұрмаған соң ба, олардан бір жылылық сезіне алмадым. Әке-шешемнің маған да сіңліме қарағанындай қарағанын қаладым. Бірақ папам тіптен суық болды. Уақытша біреудің үйіне келгендей сезінетінмін. Қайтадан ауылға кеткім кеп жүретін еді. Өйткені не әкем, не шешемнен жылулық, махаббат көрмедім, - деп еске алды Аружан.
Төрт балалы отбасының үлкені болғандықтан, үй шаруасы мен кішкентай бауырларына қарау Аружанның мойнына жүктелген. Мектептен тыс уақытының басым бөлігін үйде өткізетін ол қатарластарымен де араласпаған. Үйдің тазалығына дұрыс қарамаса немесе кішкентай бауырлары жыласа, анасынан таяқ жейтінін айтады.
– Мамаммен бойым бірдей болса да, сондай күш көрсетуден тайынбайды. Ал мен қарсылық көрсетпегеннен бе, не соғып үйреніп қалғаннан ба... әйтеу таяқтың астына алатын. «Сені ұра бергеннен қолым да ауырады» деп айтатын. Қолына не түседі, сонымен ұра береді. Ілгіш, ожау, бәрібір оған… Біздің үйде балаларды ұру қалыпты жағдай болып кеткен, - дейді Аружан.
Оның сөзінше, анасы өзіне ғана емес, бауырларына да қол көтерген. Інісін үйден қуып шыққан кездері де болған. Тіпті сегіз-тоғыз айлық сіңлісін қатты жылағаны үшін балконға қамап қоятын.
Үйдегі міндетінен бөлек Аружан 13–14 жасынан бастап жазғы демалыста жұмыс істеген. Дүңгіршекте балмұздақ сатқан, дүкенде, қоғамдық тамақтану орындарында еңбек еткен. Бірақ тапқан ақшасын өз қалауынша жұмсай алмайтын.
– Әр ақша алған сайын жартысын беріп отыруым керек болатын. «Біз сені өсірдік, сені тудық, біздің арқамызда адам болып жүрсің» деген сияқты сөздерді айта беретін. Одан кейін міндет қылып қойды. Өзім де қыз болған соң қыдырғым келеді, заттарымды алғым келеді. Ондай мүмкіндік қалдырған жоқ, - дейді Аружан.
Үй шаруасы мен жұмыстан қолы босай бермесе де, Аружан мектепте жақсы оқыған. Қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадаға қатысқан. Өз еңбегімен тапқан ақшасына домбыра сатып алып, арнайы курсқа да барған.
2025 жылы мектеп бітіргеннен кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандайды. Бірақ ҰБТ-дан 84 балл жинап, грантқа іліге алмаған соң Көкшетаудағы оқу орнына ақылы негізде түскен. Дегенмен отбасының оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі болмай, ата-анасы оны Астанаға қайтарып, жұмысқа орналасуын талап еткен.
Өзінің сөзінше, оқуын тастап, үйіне оралғаннан кейін де Аружанның тұрмысы өзгерген жоқ. Бір күні жұмыстан кешіккені үшін анасы оны үйден қуып шығады. Барар жері болмаған қыз наурыздың суығында үш күн бойы көпқабатты үйдің кіреберісіндегі балконда түнеген.
– Күртешемді астыма төсеп, шарфымды жамылып, үш күн бойы сөйтіп ұйықтап шығатынмын. Одан кейін көршілер көрген соң қайтадан үйге кіргізеді, - деді ол.
Үйге қайта кіргізгенімен, анасының қол көтеруі сол күйі тоқтамаған.
«Басымнан темір ожаумен ұрды»
Биыл тамызда анасымен арадағы кезекті жанжал жуылмаған ыдыстан басталған. Жұмыстан шаршап келген Аружан кешкі ас әзірлеп, ыдысты жинамай ұйықтап қалады. Айтуынша, келесі күні таңертең анасы оны темір ожаумен басынан ұрып оятқан. Бет-ауызы қанға боялған қыз балконға тығылып, жан сауғалаған. Анасы тағы да үйден қуып шыққан кезде қажетті заттарын алып, бұл жолы қайтып келмеуге бел буады.
Қолында ақшасы жоқ Аружан екі күн бойы аялдамада түнейді. Бетіндегі жарақаттан ұялып, жұмысына да бара алмаған.
– Қатты қарным ашты, қатты шөлдедім. Екі күн бойына дым жемедім. Аялдамадан су тауып алып, соны іштім. Сосын қайда баруға болатынын интернеттен іздедім. Бұрыннан ана мен баласы баратын жер бар деп естігенмін. Осындай жер бар шығар деген үмітпен іздедім, - дейді ол.
Интернеттен көмек көрсететін қызметтің телефон нөмірін тауып, хабарласқан Аружанды полиция бөлімшесіне жеткізеді. Ол анасының үстінен арыз жазып, медициналық сараптамадан өткен. Айтуынша, денесіндегі кейбір көгерген жері бір айдан астам уақыт өткенде ғана жазылған.
Аружанның айтуынша, анасы бастапқыда қызына қол көтергенін жоққа шығарған. Кейін қаршадай қыз полиция қызметкерлеріне көпқабатты үйдің бейнебақылау камерасын тексеруді ұсынғаннан кейін ғана араларында жанжал болғанын мойындаған. Ал полиция бөлімшесіне келгенде қызының бұрынғы әрекетін сөз етіп, өзін ақтауға тырысқан.
– Мамамды негізінде бір қорқытқым келді. Соттатып жіберу ойымда да болған жоқ. Өзін қорғау үшін мені жаман атты қылып, жерден алып, жерге салды, – дейді Аружан.
Сотқа дейін бір түн ата-анасының үйінде болған Аружан сол жерде де психологиялық қысым көргенін айтады. Анасы кішкентай сіңлілеріне әпкесінің жаман адам екенін, одан үлгі алмау керегін айтқан. Бұл Аружанға ерекше ауыр тиеді. Өйткені кішкентай бауырларына сәби кезінен өзі қарап, олардың тәрбиесіне көп уақыт бөлген.
– Сіңлім өзі мені қатты жақсы көретін. Екі айынан бастап жанымнан тастамай өзім қарап жүрмін ғой. Бір аптадан кейін киімімді алуға бардым. Бетіме қарамады, тіпті сөйлеген де жоқ. Бұрын бірден «тәте» деп алдымнан жүгіріп шығып, құшақтап, сүйіп, мойныма асылатын еді. Кәдімгі жек көрінішті көзбен қарады, – деді де, жылап жіберді.
Аружан сотта арызын қайтарып алғанымен, ата-анасының үйіне сол күйі оралған жоқ. Әке-шешесі де іздемеген. Кейін мамандар қызды дағдарыс орталығына жіберген.
«Кәдімгідей жетім күйге түсіп қалдым»
Аружанның орталыққа келгеніне үш жарым айдан асқан. Мұнда психологтің көмегіне жүгініп, жақында маникюр жасау курсын аяқтап, сертификат алған. Енді жұмыс істеп, пәтер жалдауға ақша жинамақ. Өйткені орталықта тұратын екі айдай ғана уақыты қалған. Оған баспана жалдаудан бөлек, денсаулығын тексертіп, емделу үшін де қаражат қажет. Ал орталық психологінің айтуынша, мұнда тұрғындарды тікелей емдеумен айналыспайды.
Басы қатты ауырып жүргенде Аружан бала күнінде қолында өскен әжесіне де хабарласып, көмек сұраған. Бірақ әжесі оның шағымына мән бермей, ауылдағы қатарластарының оқуға түсіп, жетістікке жеткенін айтып, немересін кінәлай бастаған.
– Түсіндім, енді ешқандай көмек жоқ, ешкімім жоқ екен. Кәдімгідей жетім күйге түсіп қалдым. Өзім де аяғыммен тұрып, өз күнімді өзім көретін жасқа жеттім ғой, - дейді 18 жастағы қыз.
Ата-анасының үйіне қайтқысы келмегенімен, Аружан інісі мен екі сіңлісін қатты сағынады. Әңгіме барысында бауырлары туралы сөз қозғаған сайын жылап қала берді.
– Төртеуіміздің бауыр екеніміз, бір-бірімізге деген жанашырлығымыз сезіліп тұратын. Бір-бірімізді қатты жақсы көріп тұрамыз. Қазір оларды қатты сағындым, – деді Аружан.
Бұдан әрі сұрақ қоюға дәтім бармады. Әңгімемізді осымен аяқтадық. Аружан көз жасын сүртіп, бөлмесіне қарай бет алды...