Өзара экономикалық санкциялар, «қырғи-қабақ» соғыстың өзге де ескі элементтері құрдымға кетуі тиіс - ҚР Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзара экономикалық санкциялар, «қырғи-қабақ» соғыстың өзге де ескі заманғы элементтері құрдымға кетуі тиіс. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Өзара экономикалық санкциялар, «қырғи-қабақ» соғыстың өзге де ескі элементтері құрдымға кетуі тиіс - ҚР Президенті

«Жаһандық экономикалық дағдарыс әлемдегі әлеуметтік-саяси күйзелісті түрлендіре түсуін жалғастыруда. Дегенмен, дағдарыс жаңа даму үшін де жайлы мүмкіншіліктер береді. Біз тарихи мүмкіншілікті әлемдік экономикалық дамудың тиімді, теңгерімді моделінің негізін қалауға пайдалануға тиіспіз. Сондықтан да мен біріккен еуразиялық экономикалық кеңістік құруды ұсындым», - деді Н.Назарбаев.

Осы ретте Елбасы бүгінгі күні Еуразия - әлемдік саясаттың басты геосаяси және экономикалық факторы болып отырғандығын баса айтты.

«Бұл жерде Қытай, Ресей, АҚШ, Еуропа одағынан бастап Үндістан Иран және Түркияға дейінгі барлық жаһандық ойыншылардың мүддесі тоғысады. Геосаяси ойындар, өзара экономикалық санкциялар және «қырғи-қабақ» соғыстың өзге де ескі заманғы элементері мүлдем құрдымға кетуі тиіс. Бейбіт, тұрақты, гүлденген, экономикалық қуатты Еуразияны құру - жаһандық өсімге қуатты мультипликативті тиімділік беруі тиіс және бұл барлығына да тиімді болады», - деді ҚР Президенті.