Өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз – Ильхам Әлиев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әзербайжан мен Қазақстан қарым-қатынасының негізі – гуманитарлық сала. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: t.me/aqorda_resmi

«Ең алдымен, Қазақстанға ресми сапармен шақырғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Бауырлас қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Біздің қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Бүгін осы берік іргетастың негізінде келешегімізді бірге құрып жатырмыз. Біз бұған дейін талқылаған ынтымақтастықтың барлық саласының әлеуеті мол», - деді ол.

Әзербайжан Президенті гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың айрықша маңызды екеніне тоқталды.

«Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы елдерімізді одан әрі жақындата түсіп, халықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың негізі – осы гуманитарлық сала. Әрине, екі тараптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз», - деді Ильхам Әлиев.


Соңғы жаңалықтар