«Өзбек әуежолдары» рейстерінде ішімдік ішуге тыйым салынды
АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Өзбекстанның ұлттық «Өзбек әуежолдары» әуекомпаниясы жолаушыларға ұшу кезінде duty free дүкендерінен сатып алған ішімдіктерді ішуге тыйым салды. Бұл жайында «Новости» ақпарат агенттігі хабар таратты. muslim.kz сайтының жазуынша, бұл тыйым Қауіпсіз ұшуды қадағалау жөніндегі республиканың мемлекеттік инспекциясының бұйрығы негізінде енгізілді.
Дереккөзден белгілі болғандай, жолаушылар ұшу кезінде ішетін ішімдіктердің мөлшеріне де шектеу енгізілген. Ендігі жерде жолаушыларға тасымалдаушылар ұсынған мөлшерде ғана ішімдік ішуге рұқсат етілген.
Бұған қоса, жолаушыларға электронды шылым шегуге де тыйым салынды. Бұл тыйым «Өзбек әуежолдарында» 2008 жылы, ал республика әуежайларында 2012 жылы енгізілген болатын.
Аталмыш бұйрыққа сәйкес жолаушылар экипаж мүшесіне қоғамдық тәртіпті бұзып, қатер төндіргендердің үстінен шағымдана алады.
Өзбектсандағы монополиялық әуетасымалдаушы «Өзбек әуежолдары» басы-бүтін мемлекет меншігі болып табылады. Оның рейстері Еуропа, Америка, Таяу Шығыс, Азия елдерінің 21 қаласына, сондай-ақ, ТМД-ның 22 қаласына, жергілікті әуежолдар бойынша 11 бағытқа қатынайды. 2012 жылдың қорытындысы бойынша әуекомпания 2,6 млн адам тасымалдаған. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 13,5 пайызға артық.
Қазіргі уақытта Ресейде duty free дүкендерінен сатып алынған алкогольді ішімдіктерді ұшақтың бортында ішуге заңмен тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бастама ұшақ бортында ішіп алып, әлек салып, шу шығарғандармен байланысты екі жағдай тіркелгендіктен көтеріліп отыр. Соның біреуінде ішімдік ішіп, масайған жолаушының кесірінен Ташкентте «Аэрофлот» лайнері еріксіз қонуға мәжбүр болып еді. Ал екінші жолаушы «Қоғалымавиа» борт серігін жарақаттаған болатын.