Өзбек азаматына бір грамм гашиш үшін 1,2 млн теңге айыппұл салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық сотында Өзбекстан азаматына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сот материалдарына сәйкес, биыл наурыз айында С. есімді өзбек азаматы Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан шығып, Қазақстан арқылы өз еліне жеткісі келген. Алайда «Тәжен» бақылау бекетінде кеденшілер иттің көмегімен оның шұлығынан 1,54 грамм гашишті тауып алды. Айыпталушы аталған есірткі заты үшін қылмыстық жазаның қарастырылғанын білген. Біле тұра, гашишті пайдаланған. Ал мемлекеттік шекарадан өту арқылы есірткі заттарының контрабандасын жасады.
«Сот отырысы кезінде С. есімді азамат өз кінәсін толығымен мойындады. Шын көңілмен өкінетінін, сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған балаларының бар екенін жеткізді. Судья соның барлығын ескере отырып, оны 500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 202 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді», - делінген соттың ресми хабарламасында.
Фото: penzavzglyad.ru