Өзбек гольфшысы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда гольфтен Қазақстанның ХІХ чемпионаты аяқталды. Турнир қорытындысына сәйкес, ерлер арасында Қанатбек Қурбаналиев, әйелдер арасында Альбина Агаева чемпион атанды.

 Өзбек гольфшысы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды

Бұл туралы Қазақстан гольф федерациясының баспасөз қызметінен хабарланды.

«Әуесқойлар арасындағы гольфтен Қазақстан чемпионы атағын 227 нәтижесін көрсеткен өзбек гольфшысы Қанатбек Қурбаналиев иеленді. Біріншіліктің күміс жүлдегері Зиятбек Сейілбеков одан алты соққы көп жасаса (233), үшінші орынды еншілеген Нұртай Салдаров үш раундта 239 ұпай жинады. Осылайша, турнирдің қорытындысы бойынша «Kazakhstan Open-2016» додасына Зиятбек Сейілбеков пен Нұртай Салдаров та жолдама алды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, қыркүйектің 2-4-і аралығында Алматы қаласындағы «NURTAU» гольф клубы алаңында әуесқойлар арасындағы Қазақстанның XIX чемпионаты өткен болатын.

Абсолюттік есепте (гандикапты санамағанда) әйелдер арасында Альбина Агаева үлкен айырмашалық көрсеткішімен көш бастаса  (234), екінші орынды 263 нәтижесімен Юлия Ниазалиева, ал үшінші орынды Лаура Қадырова 279 нәтижесімен жеңіп алды.

Қалыптасқан дәстүр бойынша чемпионаттың қорытындысына сәйкес,  Net (гандикапты қоса есептеу) аталымының жеңімпаздары да анықталды. Ол бойынша әйелдер арасында жүлделер былай бөлінді: 1 орын - Наталья Цай (232); 2 орын - Балхаш Сағындықова (233): 3 орын - Инна Хегай (247). Гандикапты қоса есептегенде ерлер арасындағы турнир жеңімпаздары: 1 орында - Дмитрий Тен (201), 2 орында - Жантай Малатаев (201) және 3-і орында - Серімжан Досымов (203).

Жеңімпаздарға кубоктар, сондай-ақ сыйлықтар мен ұйымдастырушылар тарапынан тағайындаған естелік кәдесыйлар берілді.

Турнирді ҚР гольф федерациясы мен «NURTAU» гольф клубы ұйымдастырған болатын. Айта кетерлігі, ерлер арасында 1 және 2 орынға иеленген гольфшылар кәсіпқойлар арасындағы «Kazakhstan Open» - 2016 XII халықаралық турниріне қатысу құқығына ие болады.

null null