Өзбекстан 2011 жылы 2,913 миллиард доллар шетелдік инвестицияны игеруді жоспарлап отыр
ТАШКЕНТ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Өзбекстан Үкіметі 2011 жылдың инвестициялық бағдарламасының аясында 2,913 миллион АҚШ доллары көлеміндегі шетелдік инвестицияларды игеруді жоспарлауда, деп хабарлайды өзбек басылымдары.
Ресми ақпарат көзінің хабарлауынша, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов 2010 жылдың желтоқсан айының соңында 113 инвестициялық жобаны қамтыған 2011 жылдың инвестициялық бағдарламасын бекітті.
Атап айтқанда, Өзбекстан Үкіметтің кепілдемесі бойынша берілген шетелдік несиелердің есебінен 42 жоба бойынша 801,2 миллион АҚШ долларын және тікелей шетелдік инвестициялардың есебінен 71 жоба бойынша 2,112 миллиард долларды игермек.
Инвестициялардың қомақты бөлігі - 1,925 миллиард АҚШ доллары - отын-энергетикалық секторында игерілмек, оның 1,845 миллиарды тікелей инвестициялар есебінен. Ал геологиялық барлау жұмыстарына шетелдік компаниялар 2011 жылы 165,4 миллион доллар инвестиция салғалы отыр. Өзбекстанның тоқыма өнеркәсібін дамытуға 116,9 миллион доллардың тікелей инвестициясын тарту жоспарланса, ал ұялы байланыс операторлары телекоммуникация саласында 68 миллион доллар инвестицияны игермек. Оған қоса, көлік секторында 162,3 миллион доллардың шетелдік инвестицияларын игеру жоспарланып отыр.