Өзбекстан алдағы жылы шетелден 7 млн турист тартуды жоспарлап отыр

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев туризм саласын дамыту жөніндегі кеңес барысында кемінде 7 млн шетелдік және 12 млн ішкі туристі тартуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстан алдағы жылы шетелден 7 млн турист тартуды жоспарлап отыр

«Туризм пандемиядан кейін биыл қалпына келіп жатыр. Осы жылы қыркүйекте елімізге келген шетелдік туристер саны 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге артты. Жыл басынан бері туристік экспорт көлемі 926 млн долларды құрады. Елімізде шетелдік туристер орта есеппен 4-5 күн болып, сол уақыт ішінде шамамен 305 доллар көлемінде ақша жұмсайды», - деді Президент.

Өзбекстан Президенті Самарқандта құрылған «Ұлы Жібек жолы» халықаралық туризм орталығының әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Ол жылына 2 миллион туристке қызмет көрсете алады. Ферғана облысында 5 аудан мен 3 қаланы қамтитын «Алтын алқап» туристік желісін құру жобасы оң бағаланды. Сондай-ақ, сафари және қажылық туризмді дамыту мүмкіндіктері де атап өтілді.

«Біздің елімізде 1,2 мыңнан астам ғибадатхана бар. Осы мүмкіндікті толық пайдалана отырып, жылына кемінде 1 млн турист тартуға болады», - деді Шавкат Мирзиеев.

Сонымен қатар Президент туристерді ішкі істер органдарында тіркеу ережелерін жеңілдету мәселесіне назар аударды. Ол әр турист үшін күресіп жатқан жағдайда, артық шектеулерді қайта қарау керек екенін атап өтті.

«Туристерді ішкі істер органдарына тіркеу тәртібінде қолайсыздықтар бар. Атап айтқанда, шетелдік турист қонақүйде 2 күн, ал туыстарында 3 күн тұру керек. Ішкі істер министрлігінің алдынды бұл жүйені талдау және шамадан тыс шектеулерді жою міндеті тұр. Шетелдік туристерді уақытша тіркеудің орнына онлайн-хабарлама пайдаланылатын болады», - деді Ш. Мирзиеев.

Сондай-ақ, хабарлама тәртібін енгізе отырып, туристік агенттердің қызметін лицензиялау талабын алып тастау жоспарлануда. Бұл мыңдаған туристік агенттердің пайда болуына мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Өзбекстан Президенті жұмыстың нақты бағыттарын белгілеп, оларды іске асыруға жауаптыларды анықтады.

«Жалпы, келесі жылы 7 млн шетелдік және 12 млн ішкі туристерді тарту мүмкіндігі бар. Сол арқылы туристік қызметтердің экспортын 2 млрд долларға дейін арттыруға болады», - деп түйіндеді Шавкат Мирзиеев.

Бұған дейін Өзбекстан алдағы бес жылда туристер санын 9 млн адамға дейін жеткізуді көздеп отырғаны туралы хабарланған болатын.


Мәдибек Жәнібеков



Фото: president.uz