Өзбекстан Әскери-әуе күштері C-390 Millennium ұшағымен толықты
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан Әскери-әуе күштері бразилиялық Embraer компаниясы шығарған алғашқы C-390 Millennium әскери-көлік ұшағына ие болды. Өзбекстан дәл осындай екі ұшаққа тапсырыс берген еді, деп хабарлайды Kazinform «Газета.uz» басылымына сілтеме жасап.
Ұшақты ресми тапсыру рәсімі Бразилияның Сан-Паулу штатындағы Гавиан-Пейшоту қаласында орналасқан Embraer компаниясының сынақ базасында өтті. Оған Өзбекстан Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Ахмад Бурханов пен «Узтехтрейд» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Олимхон Рустамов қатысты.
Екі ұшақты жеткізу туралы келісімшарт 2024 жылдың соңында жасалған. Құжатта мамандарды оқыту, техникалық қолдау көрсету және қосалқы бөлшектер жеткізу де қарастырылған.
C-390 Millennium әскери-көлік мақсатындағы түрлі міндеттерді орындауға арналған. Ұшақ 26 тоннаға дейін жүк тасымалдап, сағатына 470 теңіз миліне дейінгі жылдамдықпен ұша алады.
Ұшақ жүк пен әскери қызметшілерді тасымалдау, техника мен әскерді десанттау, медициналық эвакуация, іздеу-құтқару операциялары, өрт сөндіру және гуманитарлық миссиялар кезінде пайдаланылады.
Сондай-ақ, ұшақ уақытша және топырақ төселген ұшу-қону жолақтарынан да ұша алады. Арнайы жабдық орнатылған жағдайда әуеде басқа ұшақтарға жанармай құя алады және өзі де ұшу кезінде жанармай қабылдай алады.
Өзбекстан Әскери-әуе күштерінің паркінде Ил-76 және CASA C-295 әскери-көлік ұшақтары да бар.
Айта кетейік, Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия әскери ынтымақтастықты күшейтеді.