Өзбекстан азаматынан пара алған павлодарлық полицей 2,5 млн теңге айыппұл төлейді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Көші-қон қызметінің инспекторы шетелдік азаматтың елде болу заңнамасын бұзғанын біле тұра, көз жұма қарап келген. Ол бұл "қорғаншылық" әрекеті үшін 50 мың теңге пара алған.

Белгілі болғандай, Өзбекстан азаматы 2023 жылдың ақпан айына дейін заңды түрде Павлодар облысы Ақсу қаласында тұрып, жергілікті сауда үйінде жұмыс істеген.
Бірақ одан соң құжаттарының мерзімін ұзартпаған.
Ал жергілікті көші-қон қызметінің инспекторы, полиция майоры оның бұл заңсыздығын жасырып қалу үшін 50 мың теңге пара талап еткен.
«Көші-қон қызметкері шетелдік азаматтың заң бұзуына орай Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабы, 4-тармағы бойынша әкімшілік шара қолдануы тиіс еді. Алайда ол оның әрекетін қолдап, заңсыздыққа барған. 2023 жылдың маусым айында инспектор Өзбекстан азаматынан 50 мың теңге пара алған және оның ел аумағында бірнеше ай заңсыз жүруіне жағдай тудырған» деп хабарлады Ақсу қалалық сотынан.
Полиция майорының «қамқорлық» әрекеті өткен жылдың қазан айында әшкере болған.
Сотта 44 жасар полиция қызметкері өзінің кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот шешімімен оған 2,5 млн теңге айыппұл салынды.