17:43, 23 Ақпан 2018 | GMT +5
Өзбекстан азаматы шекаралық ауданда қалта ұрлығымен айналысып келген
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлер қалта ұрлығымен айналысып жүрген 35 жастағы күдіктіні ұстады. Тұлғасын тексеру барысында сезіктінің Өзбекстан азаматы екенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күдіктіні ұстауға Сарыағаш ауданындағы 23 жастағы тұрғынның полицияға арыздануы себеп болды. Ол арызында шекарадағы кеден бекетінің бірінде белгісіз тұлға қалтасынан ұялы сымтетігі мен құжаттарын ұрлап кеткенін көрсеткен. Жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Өзбекстан азаматын ұстады. Тергеу кезінде ол өз кінәсін мойындаған. Қазіргі таңда үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлерімен күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.