Өзбекстан азаматын өлтірген қылмыскер ұсталды
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Өзбекстан Республикасының азаматын өлтірген қылмыскер ұсталды.
Бұл жөнінде бүгін Астана қаласы Ішкі істер департаментінде өткен баспасөз мәслихатында Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Талғат Жұманов мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың 18 ақпанында сағат 22.00-де жатақхана бөлмесінде зорлық-зомбылық белгілерімен 1954 жылы туылған Өзбекстан Республикасы азаматының мәйіті табылған болатын.
Тергеу басқармасы қызметкерлерінің іздестіру шаралары нәтижесінде аталған қылмысқа жауапты 1971 жылғы Шығыс Қазақстан облысының тумасы, бұрын сотталмаған, Астана қаласының тұрғыны ұсталды.
Талғат Жұмановтың айтуынша, күдікті қылмыстық істі спирттік ішімдік ішу барысында туындаған жанжал салдарынан жасаған. Жауапты қылмыскердің қасындағы азаматтың басы мен денесін ағаш орындықтың аяғымен жарақаттауы нәтижесінде аталмыш азамат оқиға орнында қайтыс болған. Қылмыстық оқиға орын алған жерде өзге де куәгерлер болған. Ұсталған азамат өз қылмысын мойындаған.
Қылмыскердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 103-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.