Өзбекстан басшысы Конституция күні қарсаңында 615 адамға рақымшылық жасады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Конституция күні қарсаңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Жазасын өтеп жатқан, жасаған ісіне өкінетін және өмірін өзгертуге бет алған адамдар тобына рақымшылық жасау» Жарлығына қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан басшысы Конституция күні қарсаңында 615 адамға рақымшылық жасады
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Жарлыққа сай, 615 адамға рақымшылық жасалды. Олардың ішінде 220 сотталған негізгі жазасын өтеуден толық босатылса,123 адам мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығады. Сондай-ақ 97 адамның жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығынан айырылған 175 азаматтың мерзімдері қысқарды.

Рақымшылық жасалғандардың қатарында шет мемлекеттердің 9 азаматы, 29 әйел, 60 жастан асқан 23 ер адам, 30 жасқа дейінгі 264 адам (оның ішінде 2 адам кәмелетке толмаған), одан бөлек тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысқан 9 азамат бар.

Жарлықты орындау шеңберінде жауапты ведомстволарға рақымшылық алған адамдарды отбасына қайтару, олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу және жұмысқа орналастыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Тоқтала кетейік, 8 желтоқсанда Өзбекстан Конституция күні мерекесін атап өтеді. Биыл көршілес елде ата заңының қабылданғанына 33 жыл толады.

Еске салайық, былтыр сәуірде Ораза айт қарсаңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 426 адамға рақымшылық жасаған еді. 

Сонымен қатар былтыр желтоқсанда Өзбекстан басшысы Конституция күніне орай 483 адамға рақымшылық жасады.

Соңғы жаңалықтар