Өзбекстан билігі 2030 жылға дейін кедейлік деңгейін екі есе азайтуға ниетті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Жыл соңына қарай елдегі кедейлік деңгейін 6%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл туралы «Кедейліктен әл-ауқатқа» форумында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан билігі 2030 жылға дейін кедейлік деңгейін екі есе азайтуға ниетті
Фото: Kazinform

Өзбекстан басшысының атап өтуінше, былтыр республикадағы кедейлік деңгейі 8,9% болған. Кейінгі жылдары тұрмыс жағдайы төмен 7,5 млн адамның жұмысқа орналасуына, бизнес ашуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді.

— Осы аралықта ұлттық экономика 2 есе өсті. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы табыс жыл соңына дейін 3,5 мың долларға жетеді. Ауқымды қолдау шаралары мен реформалардың нәтижесінде Өзбекстан 2030 жылға дейін кедейлік деңгейін 2 есе азайтуға ниетті, — деді форумда сөз алған Шавкат Мирзиёев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан билігі жыл соңына дейін елдің ішкі жалпы өнім көлемін 130 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, биыл Өзбекстан $43 млрд инвестицияны игермек.

Соңғы жаңалықтар