Өзбекстан 43 млрд доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — 2017 жылдан бері Өзбекстан экономикасына барлық көздерден 188 млрд доллар инвестиция тартылды, оның 87 млрд доллары шетелдік инвестиция, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылы экономикаға құйылған инвестиция көлемі 1,3 есе өсіп, 36 млрд доллардан асты. Соның арқасында жыл басынан бері 560 ірі және орта жоба іске қосылды. Оның жалпы құны 70 трлн сумды (шамамен 5,4 млрд доллар) құрайды.
— Келесі жылы 43 млрд доллар инвестиция құю жоспарланып отыр, бұл бізге 300-ден астам ірі жобаны жүзеге асыруға және импортпен бәсекеге түсе алатын 662 жаңа өнім түрін шығаруға мүмкіндік береді. Экспорттық логистикалық тізбектер күрделене түсуде, негізгі экспорттық нарықта дайын өнімге сұраныс азайды. Осындай жағдайда экономиканың өсу қарқынын жеделдету үшін ішкі ресурстарды толық жұмылдыру қажет. 2030 жылға қарай жыл сайынғы экспортты 45 млрд долларға дейін екі есеге жеткізу мақсаты қойылған, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан Сенаты 2025 жылға арналған бюджетті бекіткен болатын. Шоғырландырылған бюджет кірісі 431 трлн сумды (шамамен 33,4 млрд доллар), шығыстары 480,5 трлн сумды (37,3 млрд доллар) құрайды деп болжанды.
Бұған дейін Өзбекстанда 2025 жылғы инфляция деңгейіне болжам жасалды.