Өзбекстан футболдан әлем чемпионатының коллекциялық монетасын шығарады
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанның Орталық банкі 18 маусымнан бастап ел құрамасының футболдан әлем чемпионатына алғаш рет қатысуы құрметіне естелік алтын және күміс монеталарды айналымға шығарады.
999 сынамалы алтын және күміс естелік монеталардың алдыңғы жағында Өзбекстан футбол қауымдастығының логотипі, классикалық футбол добы және «Тарихи жеңіс. Өзбекстан 2026 жылғы әлем чемпионатында» деген жазу бар.
Артқы жағында жанкүйерлер арасында «Ақ қасқырлар» атауымен белгілі ұлттық құраманың символы — қасқыр бейнеленген.
Монеталардың 100 дана алтын және 1000 дана күміс шектеулі тиражбен шығарылған. Олар ел бойынша 690 коммерциялық банк бөлімшесі арқылы сатылымға шығарылады.
Еске сала кетсек, әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.
Осыған дейін Өзбекстан ұлттық футбол құрамасы Нью-Йорктегі қауіпсіздік тексерісінен өткенін жазғанбыз.