Өзбекстан футболшыларының жеңілісіне кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ — Мирзиёев
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Бүгін елдің белсенді жастарымен кездескен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы ойынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Өзбекстан басшысының айтуынша, футболшылар мықты қарсыластармен өткен кездесулерде тәжірибе жинақтап, біліктілігін шыңдады.
— АҚШ пен Мексика алаңдарында өткен ұлттық құрамамыздың ойындарын бүкіл халқымызбен бірге ерекше толғаныспен тамашаладық. FIFA рейтингінде 5-орында тұрған Португалия, 13-орындағы Колумбия және көптеген ойыншылары Еуропаның жетекші клубтарында өнер көрсететін Конго құрамасына қарсы матчтарда футболшыларымыз мол тәжірибе жинап, чемпионаттың атмосферасын сезінді, — деді Ш. Мирзиёев.
Көршілес елдің президенті Аббос Файзуллаев пен Элдор Шомуродовтың әлем чемпионатында гол соғып, өзбек халқына қуаныш сыйлағанын ерекше атап өтті. Шавкат Мирзиёевтің айтуынша, Өзбекстан құрамасының өнеріне қатысты қазір түрлі пікірлер айтылып жүр.
— Алайда ел намысын қорғаған ұлттық құрамамыздың ойыншыларына шектен тыс эмоцияға беріліп кінә арту, олардан мін іздеу — халқымыздың болмысына тән қасиет емес. Керісінше, дәл қазір оларды қолдап, рухын көтеру маңызды», — деді ол.
Өзбекстан басшысы үлкен жеңістердің әлі алда екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мақсатқа жету үшін футболды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп, осы спорт түріне бағытталатын инвестиция көлемі артады.
Еске салайық, Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатында Колумбия, Португалия және Конго Демократиялық Республикасының футболшыларына есе жіберіп, жарыс жолын аяқтады.
Бұған дейін Өзбекстанның тарихи матчында Ташкенттегі жанкүйерлер қалай қолдау көрсеткенін жазған едік.