Өзбекстан ғарыш кеңістігін зерттеуге бағытталған халықаралық шартқа қосылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ай мен басқа да аспан денелерін және жалпы ғарыш кеңістігін зерттеу, пайдалану жөніндегі мемлекеттер қызметінің принциптері туралы шартты ратификациялайтын заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Аталған құжат 1966 жылы 19 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қабылданып, Лондонда қол қойылған. Осы уақытқа дейін оған 114 ел қосылды, тиісінше Өзбекстан қатысушы 115-ші мемлекет болды.
Олий Мәжилистің Заң шығарушы палатасы бұл заңды биыл шілдеде қабылдады, ал Сенат оны тамызда мақұлдады.
Бұған дейін «O‘zbekkosmos» агенттігінің бас директоры Шухрат Кадиров келісімді ратификациялау Өзбекстанның халықаралық ғарыштық жобалар мен зерттеулерге қатысуына, сондай-ақ өзге тәжірибе алмасуға мүмкіндік ашатынын атап өтті.
«Ғарыштық қызмет жаһандану және әлемдік қауымдастықты ақпараттандыру процесінде маңызды орынға ие. Әлемнің барлық жетекші және көптеген дамушы елдері ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді. Бұл ретте ғарыштық әлеует экономика, қорғаныс, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және халықаралық мүдделерді ілгерілету үшін қажет», - делінген Сенаттың түсіндірмесінде.
Еске сала кетейік, Қазақстан аталған шартқа 1997 жылы 15 мамырда қосылған болатын. Сол уақыттан бері ел мамандары түрлі зерттеулерге қатысып, тәжірибе алмасып келеді.