13:29, 15 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Өзбекстан геологиялық барлауға бізден 12 есе көп қаржы жұмсап отыр – академик С. Дәукеев
Қазақстан бір шаршы шақырым жерді геологиялық барлауға 8 доллар ғана жұмсайды. Бұл іргедегі Өзбекстанның көрсеткішінен 12 есе аз. Астанада өткен Қазақстан геологтарының тұңғыш съезінде Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукеев осындай проблеманы ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз қазір бір кенішті игере бастағанда оның орнын толтыру жолын ойлау керектігін ұмытып кеттік. Қазір Қазақстан 1 шаршы шақырым жерге геологиялық барлау жүргізу үшін 8 доллар жұмсайды. Ал Өзбекстан 98 доллар жұмсайды. Аустралия немесе Канада сияқты елдерде бір шаршы метрге 200 доллардан артық шығындайды. Бір ғана кен орны 100 жыл ішінде анықталған кеніштердің бәрін барлауға кеткен шығынды ақтайды», - деді ғалым.
Академик геологтарға көрсетілетін құрметтің әлсіреуі салаға мықты мамандардың келуіне кедергі екенін де айтты.
«30 жылдың ішінде геологтар туралы бір де бір фильм, бір де бір телебағдарлама түсірілген жоқ. Геологтармен Президент немесе Премьер-Министр деңгейінде бірде-бір кездесу өткізілген жоқ. Геологтар ондай назарға лайық емес пе?», - деді Серікбек Дәукеев.