Өзбекстан Қазақстаннан ақша аударымы ең көп жасалған елдердің үштігіне енді

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстаннан шетелге ақша аударымдары жүйесі арқылы 189,5 млрд теңге ($442,8 млн) жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Өзбекстан Қазақстаннан ақша аударымы ең көп жасалған елдердің үштігіне енді

Finprom.kz деректері бойынша, бірінші тоқсанда Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан Қазақстаннан ақша аударымдарын жөнелту бойынша ең танымал бағыттарға айналған.

Қаражаттың жартысына жуығы екі елге ғана жіберілді: Түркияға (52,3 млрд теңге) және Өзбекстанға (38,6 млрд теңге). Көшбасшылар үштігін ҚР-дан жіберілген 33,2 млрд теңге қаржы көлемімен Қырғызстан аяқтайды.

Порталдың мәліметінше, ҚР-дан аударылған қаражат бойынша бұған дейін бірнеше жыл бойы көш бастап келген Ресей 28,5 млрд теңге аударым көлемімен небәрі төртінші орынды иеленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,2%-ға аз.

Бесінші орында Грузия. Аударым көлемі – 13,3 млрд теңге, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,3 есеге артық.