Өзбекстан мектептері велосипедпен қамтамасыз етіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанда велоспортты насихаттау мен дамытуға бағытталған жаңа шаралар қабылданды. Елде оқушылар арасында велоспортты кеңінен дамытып, ұлттық құрамаға болашағынан үміт күттіретін спортшылар даярлау көзделген.
Аталған қаулыға сәйкес, 2030 жылға қарай велоспортпен тұрақты айналысатын тұрғындар санын 30 мыңға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ ұлттық құраманың Азия додаларында үздік үштікке еніп, Олимпиадаға берілетін лицензия санын арттыру міндеті қойылды.
2027 жылғы наурыздан бастап Ташкентте велоспортты дамытуға арналған арнайы бағдарлама іске қосылады. Бағдарлама аясында тиісті инфрақұрылымы бар мектептер 2027–2028 жылдары кезең-кезеңімен велосипедпен қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек 2027 жылғы наурыздан бастап тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, велоспортқа қызығушылықты арттыру үшін түрлі спорттық жарыстар мен іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Олардың қатарында жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы «Студенттер кубогы» мен қажетті жағдайы жасалған мектептердің жоғары сынып оқушылары бақ сынайтын «Директор кубогы» жарыстары бар.
Сондай-ақ 8 наурыз мерекесіне орай әйелдер арасында «Көктем ханшайымдары» атты веломарафон өткізу жоспарланған.
Бұған дейін елімізде велосипед пен самокатты жалға алу құны қанша болатыны хабарланған болатын.