Өзбекстан мектептерінде мәдениет пен өнер үйірмелері ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған төрт жаңа үйірме жұмысын бастайды.
Өзбекстанның Мектепке дейінгі және мектептік білім министрлігінің мәліметінше, үйірмелер «Дутар», «Ұлттық би», «Жас барабаншылар» және «Бейнелеу өнері» бағыттары бойынша ұйымдастырылады.
Осылайша, оқушылар дутар мен дойрада ойнауды, ұлттық билерді, сондай-ақ бейнелеу өнерін меңгере алады.
Оқушылар таңдаған бағыты бойынша аптасына екі сағаттан білім алады. Оқу бағдарламасы 72 сағатқа есептелген.
Бұған дейін Өзбекстандағы Отбасы кодексіне түзетулер енгізілгені хабарланды. Оған сәйкес, бұдан былай бала әкесінің есімін фамилия ретінде қолдана алады.
Айта кетейік, Өзбекстанның тұрақты халқының саны биылғы бірінші жартыжылдықта былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,7 пайызға өсіп, 38 млн 519 мың 500 адамға жеткені белгілі болды.