Өзбекстан мен Қырғызстан шекара ынтымақтастығын нығайтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан мен Өзбекстан үкімет басшылары шекара маңындағы облыстар кеңесінің бірінші отырысының хаттамасына қол қойды, деп хабарлайды Хабар 24.

Өзбекстан мен Қырғызстан шекара ынтымақтастығын нығайтты

Бұл қарым-қатынас форматын қос президент екі елдің түйіскен жерінде, яғни шекара маңындағы аймақтарда туындаған мәселелерді шешу мақсатында ұсынып отыр. Қырғызстаннан келген делегацияны өзбек халқы үлкен ықыласпен қарсы алды. Себебін де түсінуге болады. Қанша жерден көрші болса да өзара араласа алмай келгені белгілі. Енді жағдай басқаша. Шекаралық аймақтар өзара ынтымақ орнатып, екі жақты байланысқа жан бітті. Яғни, ендігі жерде экономиканы нығайтуға жол ашық деген сөз.

«Арамызда шешімі табылмайтын мәселе жоқ. Бізге тек өзара түсіністік пен сенім керек. Бір-бірімізді тыңдай алсақ болғаны. Мысалы, бұған дейін шекара маңындағы облыстар Кеңесін құру туралы екі ел президентінің шешімі шыққаны белгілі. Біз бүгін сол шешімнің сәтті болғанына көз жеткіздік»,- деді    Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Арипов.

Шекара маңындағы облыстар Кеңесіне өзбек ағайындардан Наманган, Ферғана, Әндіжан өңірінің басшылары қатысса, Қырғызстан жағынан Ош, Жалал-Абад пен Баткен облыстарының жетекшілері жиналды. Қазір ортақ шекараны белгілеу мәселесі рет-ретімен шешіліп келеді. Бұл әрине, өз кезегінде шекаралас өңірлерде екі жақты сауданы дамытуға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. 

«Шекара маңындағы ынтымақтастық мәселесі екі елдің өзара қарым-қатынасында үлкен маңызға ие. Өйткені шаруашылықта шешуді қажет ететін көптеген мәселе бар. Бүгін Абдулла Нигматұлымен күн тәртібінде тұрған барлық мәселе бойынша келісімге келе алдық деп сеніммен айта аламын», - деп атап өтті Қырғызстан Республикасының премьер-министрі Сапар Исаков.

әеОтырыс барысында аймақаралық ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерді жүзеге асыру, сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды кеңейту мен мәдени-қоғамдық байланыстарды ұлғайту, мемлекеттік шекараны өту тәртібін жеңілдету мәселелері қаралды. Мәжілісте қабылданған барлық шешімдер екіжақты хаттамаға енгізілді. Ал шекара маңындағы облыстар Кеңесінің келесі отырысы Қырғызстанда өтетін болды.